Жаяу шеру топтарының легін Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы түйіндеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақ Елі» монументі алаңында ҚР Президенті - Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруі жалғасуда. Шараның бірінші бөлімінде жеке құрамның шеру топтары алаңды бойлай өтіп жатыр.

Жаяу шеру топтарының легін Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы түйіндеді

Орталық алаңнан Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе-қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары өтуде. 1998 жылдан бері институтты 1800-ден астам офицер бітіріп шықты. Олар бүгінде қарулы күштерде басқа да әскери құрылымдардың авиациялық бөлімдерінде өздерінің жауынгерлік борыштарын атқаруда.

Трибунаға Ұлттық Гвардияның Петропавл әскери институтының курсанттары жақындап келеді. Оқу орны 1997 жылы құрылған. Бүгінде халықаралық деңгейдегі ең үздік әскери оқу орындарының бірі саналады.

Парадты Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусының салтанатты шеруі жалғастырады. ҚР Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының негізгі міндеті - кәсіпқой сержанттар даярлау.

Алдымызда ҚР Қарулы күштерінің Әскери полициясының парадтық есеп тобы шерулетіп келеді. Олардың сапында ерекше жағдайларда қолданылатын шұғыл әрекет ету бөлімдерінің әскери қызметкерлері міндетін атқарады.

Орталық мінбеге ҰҚК Шекара қызметінің парадтық есеп тобы жақындады. Шекара қызметі ҚР Қарулы күштерімен бірге шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, еліміздің тыныштығын кірпік қақпай күзетуде.

ҚР Ұлттық гвардиясының шұғыл мақсаттағы алғашқы жеке бөлімінің парадтық есеп тобы жүріп келеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау кезінде олар «Біз - Жеңіс мұрагерлеріміз» атты акция ұйымдастырды.

Мінбер алдынан ҚР ІІМ ТЖК-ге қарасты Көкшетау техникалық институтының курсанттары өтуде. Онда түрлі сипаттағы қысылтаяң жағдайларда ауқымды міндеттерді шеше алатын білікті офицерлерді даярланады.

Шерудің соңында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы жүріп келеді. Олар Президентке тікелей бағынады және Президент алдында есеп береді, сондай-ақ Республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке жатады.