Жаяу жүргіншілерді көлігімен басып өткен америкалыққа қатысты сот отырысы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктің Таймс-сквер алаңында жаяу жүргіншілерді көлігімен жаншып өткен Ричард Рохас отставкадағы америкалық әскери қызметші. Манхэттендегі федералды сотта басталған сот отырысында оған адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу айыптары тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  Associated Press  (АР) агенттігіне сілтеме жасап.

Жаяу жүргіншілерді көлігімен басып өткен америкалыққа қатысты сот отырысы басталды

Есірткіге еліккен күйде Honda Accord  көлігін басқарған 26 жастағы Рохас бейсенбі күні таңертең жоғары жылдамдықта жүйіткіп келе жатып, Таймс-сквер алаңының тротуарына шығып кетті . Оқиға салдарынан 22 адам жарақат алды, 18 жастағы қыз сол орында көз жұмды.

АР мәліметінше, сот отырысында судья Рохастан өз кінәсын мойындайтынын, не мойындамайтынын сұраған жоқ. Отырыс барысында прокуратура қызметкерлері атап өткендей, Рохас ұсталғаннан кейін адамдардың барлығын өлтіргісі келгенін және полицейлер оны атып өлтіргенін қалайтынын айтқан.

Сотқа ұсынылған құжаттарға сәйкес, Рохас 2011 жылы АҚШ-тың Әскери теңіз күштерінде қызметтен өткен, ал 2013 жылы Оңтүстік Королинадағы түрмеде екі ай отырған. Оған сол кезде қандай айыптар тағылғандығы жазылмаған. Әскери трибуналдың шешімімен ол 2014 жылы әскери қызметтен босатылды.

Нью-Йорктегі іс бойынша келесі сот отырысы келесі аптада жалғасады.

Айта кетейік, Нью-Йорк билігі бұл оқиғаны лаңкестікпен байланыстырмайтынын мәлім етті.