Жаяу жүргіншіні қаққан қостанайлық жүргізуші куәлігінсіз болған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық тәртіп сақшылары жол қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен «Газ» автокөлігінің жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жаяу жүргіншіні соғып, қашып кеткен жүргізушіге қатысты істі қарады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, азамат О. жүргізуші куәлігінсіз «Газ» автокөлігін басқарған.
«1991 жылы туған азамат О. жол қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол жол-көлік оқиғасының қатысушысы бола тұра оқиға болған жерден ізін суытады. Сот отырысында жауап берген куәгер Р. азамат О.-ның жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалу фактісін растады. ҚР ӘҚБтК 611 бабының 3 бөлігі бойынша (жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) ол кінәлі деп танылды», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Сот шешімі бойынша азамат О. 100 АЕК, яғни 240 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлейді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.