Жаяу жүргіншіні мерт қылған Павлодар қаласы әкімінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылады - он-лайн конференция
nbsp;АСТАНА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жаяу жүргіншіні мерт қылған Павлодар қаласы әкімінің жүргізушісі Иван Гардерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында өткен он-лайн конференция барысында азаматтардың сауалына жауап берген ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков айтты.
«Неліктен бізде еш кінәсіз адамдардың өмірін қиып кеткен (Қайымсұлтанов, Павлодар әкімінің жүргізушісі И.Гардер) қылмыскерлер еш жазаға тартылмауы мүмкін болып кетті? Мысалға, Гардер жәбірленуші қайтыс бола тұра, тіпті жүргізуші куәлігінен де айырылмады. Шынтуайтында ол бұл қылмысты мас күйінде жасады. Басқа жағдайларда кінәлілер жазаға толық күйінде тартылады, сот бас бостандықтарынан айырып жатады және тағы басқасы. Әлде бізде құқыққолдану практикасы қаржылық жағдайы мен алып отырған лауазымына байланысты ерекшеленеді ме және сот алдында барлығы тең емес пе?» деген сауал жолдаған Шаймиев мырзаның сұрағына Қ.Тыныбеков: «Аталмыш қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданды. Қазіргі уақытта И.Гардерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр», - деп жауап қайырды.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласы әкімінің жүргізушісінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы, үстіміздегі жылғы шілде айының 25-і күні Шокин мен Кутузов көшелерінің қиылысында орын алды. Әкімнің 30 жастағы жүргізушісі «Тойота Камри» автокөлігімен 27 жастағы жүргіншіні қағып кетіп, ол алған жарақаттардан сол орында көз жұмды. Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабы 2-ші тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бірақ екі жақтың өзара бәтуаласуы нәтижесінде қылмыстық іс тамыздың 18-і күні тоқтатылды.