Жайық деңгейі күн сайын төмендеп, Индер ауданында қауіпті шекке дейін түсті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын төмендеп жатыр. Бүгін Индер ауданында қауіпті шекке дейін түсті.

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, бірнеше күннен бері Жайық өзенінің суы бақылауға алынған гидробекеттің бәрінде төмендегені тіркеліп отыр. Мәселен, бүгін, 14 маусымда түсқайта сағат 16:00-де Индер ауданында су арнасының деңгейі 8 метр 45 сантиметрді құрады. Бұл аудандағы қауіпті шектің мөлшері – 8 метр 45 сантиметр. Демек, Жайық өзенінің суы күн сайын төмендеп, бүгін қауіпті шектің деңгейіне жетті.
Ал, Махамбет ауданында қауіпті шек 8 метр 50 сантиметр деңгейінде белгіленген. Бүгін батыр атындағы ауданда да Жайық өзенінің суы азайды. Қазір мұнда өзен арнасының деңгейі 9 метр 73 сантиметрді көрсетіп тұр. Бұл қауіпті шектен әлі де 1 метр 23 сантиметрге көп.
Жайық өзенінің суы Атырау қаласында да азайып жатыр. Күндізгі сағат 16:00-дегі мәліметке қарағанда, өзен деңгейі 5 метр 85 сантиметр болды. Дегенмен, қауіпті шектен 35 сантиметрге асып тұр.
Сондай-ақ, Атырау қаласының маңындағы Жаңаталап ауылында 419, ал, Еркінқала елді мекенінде 376 сантиметрді көрсетті.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын су тасқынынан Махамбет ауданындағы 5 ауылға әлі де қауіп бар екенін хабарлаған болатынбыз.