Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер мен Махамбет ауданында теңесті

Жайык, Урал
Фото: видеодан алынған кадр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін Жайық өзеніндегі су Индер ауданында төмендеп, Махамбет ауданының аумағында көтерілді. Қазір екі ауданда су арнасының деңгейі бірдей болып тұр.

Атырау облысының жедел штабы таратқан ақпаратқа қарағанда, бүгін күндізгі сағат 12:00–де Жайық өзеніндегі судың деңгейі Индер және Махамбет ауданында 1015 сантиметрді көрсетіп тұр. 

«Бүгін, 20 мамырда таңертеңгі сағат 08:00–ден бері Жайық өзені Индер ауданында -6 сантиметрге төмендеді. Ал, Махамбет ауданында +4 сантиметрге көбейді. Қазір екі ауданда да өзен суы 1015 сантиметрді көрсетіп тұр»,-деп хабарлады облыстық жедел штабтан. 

Жайық өзені Индер ауданында соңғы рет 14 мамырда +3 сантиметрге көтерілген еді.

Сол күні Индербор кенті тұсында өзен суының деңгейі 1041 сантиметрге жетті. 

Индер ауданында Жайық өзенінің төмендеуі 15 мамырда басталған. Содан бері Индерборда өзен арнасы күн сайын төмендеп келеді.

Мәселен, 18 мамырда -6 сантиметрге азайған. Кеше 19 мамырда да су деңгейі -5 сантиметрге түсті. 

Бірақ Махамбет ауданында су деңгейінің көтерілу көрсеткіші тіркеліп отыр.

Бұл ауданда 14 мамырда Жайық деңгейі +14 сантиметрге ұлғайып, 980 сантиметр болған. 

Ал, 15 және 18 мамырда +8 сантиметрге көбейгені тіркелген. Жайық өзенінің суы бүгін Махамбет ауданында қауіпті шектен 165 сантиметрге асып тұр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 44-шақырымы жырылғанын жазған болатынбыз. 

Кейін Атырау-Орал трассасының 71-шақырымында жол үстімен су өтті.

Ал, бүгін түнде Махамбет ауылына қауіп төнді. 

Соңғы жаңалықтар