Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді

су тасқыны
Фото: Ғайсағали Сейтақ

АСТАНА. KAZINFORM –Ресей Федерациясы тарапынан Жайық өзеніне келетін судың деңгейі төмендеуде. Орал қаласы және 4 аудандағы 84 елді мекенінде Жайық өзенінің жағалау учаскелеріне 150 км бөгет тұрғызылып, нығайтылған. Су тасқынына қарсы шараларға жергілікті құрамалардан, сондай-ақ басқа облыстардан 11 мыңнан аса адам, 1 мыңға жуық инженерлік арнайы техника тартылды.

Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов осындай мәліметтерді келтірді.

Өңірде су тасқынының бірінші және екінші кезеңдерінің салдарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«Төтенше жағдай туындау салдарынан 1 321 тұрғын үйге зиян келтірілді. 1 208 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізіліп, 420 тұрғын үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды. Оларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, жер жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде 369,2 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда 1 893 отбасы 688 млн теңгеге әлеуметтік көмек алды», - деді спикер.

Сонымен қатар, су тасқыны салдарынан 2 342 бас мал шығыны орын алды. Қазіргі таңда шығындарды өтеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Материалдық мүлікті өтеудің жоғарғы шекті құны ел бойынша 150 АЕК дейін болып белгіленді (554 мың теңге). Материалдық мүлікті өтеу тиісті бағалау жұмыстары өткізілгеннен кейін жүргізілетін болады. Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік нұқсанды өтеу Бизнеске келтірілген шығындарды анықтау арнайы құрылған комиссиямен жүргізілуде.

«Су тасқынынан зардап шеккендерге несиелер бойынша төлемдер 2024 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады, су тасқыны салдарының әсеріне байланысты туындаған төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді», - деді Тілепберген Каюпов.

Соңғы жаңалықтар
telegram