Жайық өзенінің деңгейі Индерде — 884, Махамбет ауданында — 861 см болды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында Жайық өзеніндегі су күн сайын көтеріліп жатыр. Бүгін өзен арнасының деңгейі Индерде — 884, Махамбет ауданында — 861 сантиметрді құрады.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филилалының дерегіне сүйенсек, кешеден бері Индер және Махамбет ауданында Жайықтың суы қауіпті шектен асып кетті.
Мәселен, бүгін, 6 мамырда таңертеңгі сағат 08:00–де Индербор кентінің тұсында өзен арнасының суы 884 сантиметрге жетті.
Мұнда қауіпті шек — 845 см. Демек, қауіпті шектен +39 сантиметрге көбейіп тұр.
Ал, Махамбет ауданында өзен арнасы қауіпті шектен +11 сантиметрге асқан.
Қазір Махамбет ауылының тұсындағы су деңгейі 861 сантиметр болды.
Жайық өзенінің деңгейі Атырау қаласында — 496 см.
Мұнайлы шаһар маңындағы Жаңаталап ауылында — 356, ал, Еркінқала елді мекенінде — 316 сантиметрді көрсетті.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Индерде — 15, Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұрғанын жазған едік.
Сондай-ақ, Атыраудың Индер ауданында 20 тонна азық-түлік қоры жасақталды.