Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету жұмыстары әлі аяқталған жоқ
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бұл жұмысты атқару үшін бас мердігерлікке «ПавлодарӨзенПорты» АҚ таңдалған.
«Мол судың келуіне байланысты Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының 48,9-50,5 шақырымының аралығында түп тереңдету жұмысы жүргізіліп жатыр. Тереңдетілетін аумақтың ұзындығы – 1600, ені – 20, ал, тереңдігі 1,2 метрді құрайды. Қазір тереңдету жұмысына «ЗРС-Г», «Ватермастер-1», «Ватермастер-2» снарядтары тартылған. Бүгін, 3 маусымдағы мәліметке сәйкес, «Қазақстан су жолдары» РМҚК-ның тапсырысымен 2 мың 643 метр аумақ тереңдетілді. Су айдынының түбінен 16 мың 686 текше метр топырақ алынды», -деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Сондай-ақ, «ДМ ЭКО КАСПИАН» ЖШС Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында 2 мың 350 метр аумақта тереңдету жұмысын жүргізген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы 1,5 метрге тереңдетілгенін хабарлаған болатынбыз.
