Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 730 сантиметрден асты

ОРАЛ. KAZINFORM – Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 11 сәуір күнгі сағат 16.00-дегі мәлімет бойынша 731 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.

Өзен
Фото: Ғайсағали Сейтақ

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалынан мәлім еткеніндей, су тасқыны басталғаннан бері Жайықтың деңгейі жалпы 6 метрге көтерілді.

«Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 902 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұдан бұрын Ирикладан секундына 2 170 текше метр су босатылған еді. Қазіргі кезде қоймаға құйылатын су көлемі азаюда. Дегенмен сәуір айының екінші жартысында Жайықтың ірі саласы – Сақмар мен Ирикладан Батыс Қазақстан облысына мол су келеді деп болжанып отыр. Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 99,9 текше метр су түсуде. Шаған су қоймасындағы судың деңгейі – 29,51 метр. Шаған және Деркөл өзендерінің бойындағы гидробекеттерінде су деңгейінің төмендеуі байқалады. Филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты», - деп хабарлады ведомстводан. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Орал қаласы әкімдігі Жайық өзенінің жайылмаларында орналасқан саяжайлар мен бау-бақша серіктестігін су басу қаупі төнгенін хабарлап, тұрғындардың үйлерінен шұғыл кетуі керектігін тағы бір ескертті. Жайылмалардағы саяжайлар электр және газбен ажыратылған. Саяжай тұрғындары «Жекпе-жек» спорт кешені (Зачаган кенті, М.Мөңкеұлы көшесі, 114) және жоғары спорт шеберлігі мектебіндегі (Ә.Әйтиев көшесі, 72) эвакуациялық пункттерге орналаса алады. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ
Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзені бойында ұзындығы 40 шақырымнан асатын бөгеттер тұрғызылып жатырғанын жазған болатынбыз.