Жайықтағы су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 940 сантиметрден асты

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы гидробекетте 942 сантиметрге жетті.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 7 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі мәліметіне қарағанда, өзен суы Тайпақ тұсында бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілді.

Жайық өзенінің Батыс Қазақстан облысындағы басқа гидробекеттерінде су деңгейінің түсуі жалғасып жатыр.

Айталық, Бәйтерек ауданы Январцев ауылында бір тәулікте 6 (790 см), Орал қаласында 2 (784 см), Көшімде 3 (806 см), сондай-ақ Көшім каналында 1 (752 см) сантиметрге төмендеді.

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин жағдайдың қалыпты, елді мекендерге қауіп жоқ екендігін жеткізді. 

Аудан тұрғындарының сөзіне қарағанда, сай-саланы толтырып жатқан мұндай мол су көптен бері келмеген.

Сонымен қатар малды қауіпсіз жерге айдап шығару үшін жергілікті халыққа төтенше жағдай қызметкерлері де көмектесіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылында 929 сантиметрге жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар