Жайылым жоқ: Семей полигоны аймағындағы жерлерді әлі күнге пайдалануға болмайды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында бұрын Семей ядролық полигоны болған кей жерлер әлі күнге дейін қолданысқа берілмей отыр. Жаңадан құрылған Жаңасемей ауданына қосылған Қайнар ауылының халқы жайылым жер тапшы екенін айтады.

Қайнар ауылы бұрын Абыралы деген жеке ауданға қараған. Сол кезде ауданға қарасты 1 млн гектарға жуық жер полигон аумағына қосылып кеткен. Сөйтіп, мал ұстап отырған шаруагерлерге жайылым жер тапшы болып қалды.
— Тексеріс жүргізілгеннен кейін 472 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болады делінген. Алайда осы жерлерді әлі күнге дейін қолдана алмай отырмыз. Малды қайда жаярымызды білмей, әбден әуреге түстік, — дейді елді мекен тұрғындары.

Білдей бір ауыл жұртшылығының шақшадай басын шарадай қылған мәселе қашан және қалай шешілетінін білу үшін Жаңасемей ауданы әкімдігіне ресми сауалхат жібердік. Аудан әкімінің орынбасары Нұржан Зейнуллиннің айтуына қарағанда жайылым мәселесі жуық арада шешімін таппайтын сияқты. Себебі, Семей ядролық сынақ полигоны аумағының жерлерін ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға беруге еш мүмкіндік жоқ.

— Жер кодексінің 143-бабы 3-тармағына сәйкес, Үкiмет ядролық қару сынағы өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардабын жою жөнiндегi бүкіл iс-шара аяқталған соң және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда меншiкке немесе пайдалануға беруi мүмкiн.
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын оңалту мақсатында оның жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару мүмкіндігін жасау үшін 2023 жылғы 5 шілдеде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданды. Сол заңға сәйкес Ұлттық ядролық орталығы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының (СЯҚА) жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйымы болды.
Мемлекеттік жер кадастрының мәліметі бойынша Абай облысының аумағында СЯҚА құрамына қосу жоспарланған 31 жер учаскесі бар. Оның 18-і өнеркәсіптік мақсатқа арналған («Қаражыра» ЖШС, «Казцинк» АҚ, «ҮМЗ» АҚ және басқа компанияларға) және 13-і — ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскелер, — деп түсіндірді Нұржан Зейнуллин.

Өнеркәсіптік мақсатқа бөлінген жерлер радиациялық қауіпсіздікті тұрақты қамтамасыз ету шартымен пайдаланылуы мүмкін, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша әлі де жұмыстар жүргізілуі қажет.
— Бұл ретте жер учаскесін алу жұмысы уәкілетті ұйым аумақты кешенді радиоэкологиялық зерттеу нәтижесін ұсынғаннан кейін жасалады. Сондай-ақ облыс әкімінің өкімімен полигон жерлерін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге уәкілетті ұйымның қарамағына беру мәселелерін қарау жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Абай ауданы әкімінің орынбасары енгізілмек. Қазіргі уақытта Семей ядролық сынақ полигоны аумағының жерлерін ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға беруге мүмкіндік жоқ. Экологиялық сараптама қорытындысы негізінде шешім қабылданған соң қосымша хабарлаймыз, — дейді шенеунік.

Еске сала кетейік, бұған дейін осы Қайнар ауылындағы балабақша және емхана мәселесін көтерген болатынбыз.