«Жайлы мектеп»: елордада 24 мектепті жобалау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада екі жыл ішінде 100 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Еламанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайлы мектеп»: елордада 24 мектепті жобалау басталды

«Бүгінде елордада 164 мектеп бар. Оның ішінде 100 мемлекеттік, 57 жекеменшік және 7 республикалық мектеп. Аяқталған оқу жылында 236 мың бала білім алды. Биыл бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 20 278 оқушыға артты. Бұл тағы 10 мектеп және 1200 мұғалімді қажет етеді», - деді Нариман Еламанов Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында 15 700 орынға арналған 10 мектеп пайдалануға беріледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (2 ауысымда) 24 мектепті жобалау басталды. Алдағы екі жылда 100 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Жалпы білім беретін мектептерде жыл сайын оқушылар саны орта есеппен 20 мыңға артып келеді. Болжам бойынша 2027 жылы оқушылар саны 330 мыңнан астам баланы құрайды. Осыған байланысты елордада 3 487 педагог маман қажет», - дейді ол.