«Жайлы мектеп»: ШҚО-да қанша білім мекемесі салынады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Оның аясында Шығыс Қазақстан облысында 4200 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда Оқу-ағарту министрлігімен өзара байланыса отырып, әрбір қала, ауданның жергілікті ерекшеліктерін ескеру қажет», - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ жиын барысында денсаулық сақтау мәселелері де сөз етілді. Бүгінде облыста қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған 7 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
«Жылжымалы медициналық кешендер жұмысының нақты тиімділігін зерттеу қажет. Бұл жобаның мақсаты – алыс-шалғайдағы елді мекендердің де уақтылы, сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасау. Бұдан бөлек, бізге осы уақытқа дейін өз тиімділігін көрсеткен PACS медициналық деректер алмасу жүйесін басқаруды жетілдіру бойынша да жұмысты күшейту керек», - деді Ермек Көшербаев.