Жайлы мектептерде 100% отандық жиһаз қолданылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің жизаһы толықтай отандық өнім болады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайлы мектептерді салу бойынша жиһаздарға қойылатын талаптар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның жиһаз қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп келісілген. Аталған ұлттық жоба аясында бүкіл жайлы мектеп эргономика талаптарына сай жабдықталады. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесі де назарға алынады. Жайлы мектептердің атына заты сай болуын қамту мақсатында министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Атамекен» ҰКП және жиһаз қауымдастығы өкілдері бар», - деді Еділ Оспан орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, аталған жұмыс тобы жайлы мектептерді жабдықтау және жиһазбен қамту бойынша бірыңғай талаптар әзірледі.

«Бүгінде талаптар жайлы мектептер салуға жауапты оператор «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясына жіберілді. Айта кету керек, мектеп жиһаздары 100% отандық өнім болады. Сондай-ақ, мектеп жиһаздары отандық тауар өндірушілердің тізілімінде тіркелген жеке және заңды тұлғалардан сатып алынады», - дейді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар