Жайық-Каспий бассейнінде суға батқан 15 кемені көтерудің шығындары анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі және республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорындары (Атырау және Орал қ.) ұсынған деректерге сәйкес, Жайық-Каспий бассейнінде 20 координат бойынша зерттеу жүргізілді және 15 суға батқан кемені көтеру тәсілдері мен құны анықталды.
Айта кетейік, Каспий теңізінің қазақстандық секторында және Жайық өзенінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ су айдындарының экожүйесін қорғау мақсатында ҚР Үкіметі Жайық-Каспий бассейнін суға батқан кемелерден тазарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен еді.
«ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ҚР Энергетика министрлігіне мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін суға батқан кемелерді көтеру жөніндегі жобалық құжаттамаға оның қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі ілеспе материалдарды жолдады. Осы шараларды орындау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсерлі салдарын айқындайды және шектейді»,- деп атап өтілген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінде.