Жайық өзенінде балықтың қырылуына кінәлілер анықталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Жайық өзенінде балықтың қырылуына кінәлілерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«28 мамыр күні сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Нәтижеге сай, Жайықта балықтың қырылуына «Атырау Су Арнасы» МКК-ның құрамында хлоры көп суды өзенге ағызуы себеп болғаны анықталды. Қазіргі уақытта «Атырау Су Арнасы» МКК директоры, оның орынбасары және «Атырау Су Арнасы» МКК су тазалау станциясының басшысы ҚР ҚК 328-бабы (Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу) 3-бөлігі және 204-бабы (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) 2-бөлігі бойынша күдікті деп танылды. Сондай-ақ, мекеме басшысына қатысты қосымша ҚР ҚК 371-бабы (Салғырттық) бойынша іс қозғалды», - деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс сотқа жолданады.
Айта кетейік, Жайықта балықтың жаппай қырылу оқиғасы өткен жылдың желтоқсан айында болды. Мәліметке сай, 120 тоннаға жуық балық қырылған.