Жайық өзенінен браконьерлер құрған 12 торлы ау шығарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзенінен браконьерлер құрған 12 торлы ау шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жайық өзенінен браконьерлер құрған 12 торлы ау шығарылды

Облыстық экология департаменті Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының 29, 34-тармақтарын орындау мақсатында Жайық өзенін браконьерлік аудан тазартуды бастады.

«Мақсат – Жол картасының 29-тармағында көрсетілгендей, Жайық өзенінің жағасында жұмыс істеп тұрған химиялық қоймалар мен басқа да ластағыштарды анықтау, түгендеу, іздестіру, жою жұмыстарын ұйымдастыру. Сондай-ақ, 34-тармаққа сәйкес, Жайық өзенінің арнасын, оның салалары мен ағымдарын браконьерлік балық аулау құралдарынан​ тазарту жұмыстарын жүргізу. Іс-шара кезінде Жайық өзенінен браконьерлер құрған 12 аулау құралы шығарылды. Ауға шырматылған тірі балықтар өзенге кері жіберілді. Ал, өлген балықтар иесіз ау құралдарымен бірге жинап алынды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «Lexus LX470» көлігінен 468 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленгенін хабарлаған едік.