18:18, 10 Шілде 2013 | GMT +5
Жайық өзенінің экологиялық жағдайы аса қауіпті - Орынбор облысының министрі В. Шориков
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Бүгінде біз Жайық өзенінің экологиялық жағдайын аса қауіпті деп бағалап отырмыз. Бүгін Астанада өткен жиында Орынбор облысының сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков осындай мәлімдеме жасады.
Оның хабарлауынша, Орынбор облысы Ресейдің экологиялық жағдайы аса қиын аймағына жатады. «Биыл атмосфераға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 923,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 11 пайызға артық. Бізде дұрыс тазартылмаған сулар қоймаларға төгіледі. Соның салдарынан ауыз судың тапшылығы да барынша байқалады. Орынбор облысының басты су артериясы - Жайық өзені де ластанып жатыр. Біз оның экологиялық жағдайын аса қауіпті деп бағалап отырмыз», - дейді В. Шориков.
Айта кетейік, Башқұртстан жерінен бастау алатын Жайық өзені Ресейдің Челябі, Орынбор және Саратов облыстары арқылы өтіп, Қазақстанның батыс аймақтары арқылы Каспий теңізіне құйылады.