«Жайық үні» газеті мен өзге үш нысан 163 млн теңгеге сатылды
БҚО қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова мәлім еткендей, «Ақжайық» спорт клубы» ЖШС - 11 млн, «Жайық жарығы» ЖШС - 149 млн, «Жайық үні» ЖШС - 2,4 млн, «Пульс города» ЖШС 0,6 млн теңгеге өткен. Тендер жарияланған тағы бір мекеме - «Облыстық балалар стоматологиялық емханасы» МКК-ны иеленген жеңімпазбен түпкілікті есеп-қисап жасалуда. Бұдан облыстық бюджетке 103 млн теңге түседі деп күтілуде. Тендер шарты бойынша сатып алушылар сол қызмет түрін он жыл бойына сақтауы тиіс.
Сонымен қатар «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС, Тасқала ауданы әкімдігінің «Даму Тасқала» ЖШС, Орал қаласы әкімдігінің «Жайық Таза қала» ЖШС, БҚО әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық кеңесші-диагностика орталығы» МКК, Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің «Орда» МКК бойынша сату алдындағы түрлі шаралар жүргізілуде: бірінің нарықтық бағасы, екіншісінде тендер шарттары айқындалуда, тағы бірі сатуға қайта қойылуда.
2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында қызмет жасап жатқандықтан, Сырым ауданы әкімдігінің «Жымпиты-сервис» ЖШС мемлекеттік меншікте қалды. Бұдан басқа, екі мекеме рентабельді болмауына байланысты, 2017-2018 жылдары таратылады.
Айта кетейік, өткен жылы бәсекелестік ортаға төрт нысан («Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКК, «Орал Таза сервис» ЖШС, «Батысагросервис» ЖШС, «Тұрғын үй Орал» МКК) сатылып, одан бюджетке 373,6 млн теңге түскен болатын.
2016-2020 жылдарға арналған Үкіметтің кешенді жекешелендіру жоспарына сәйкес республика бойынша барлығы 877 ұйымды сату көзделсе, соның 487-сі 2017 жылы, 102-сі 2018 жылы бәсекелестік ортаға берілуі керек. 2019-2020 жылдары компанияларға кезек келеді.