Жайыққа Атыраудағы шетелдіктер тұратын қалашықтың құбырынан су ағып тұр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жайыққа Атыраудағы шетелдіктер тұратын қалашықтың құбырынан су ағып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырауда Жайық өзенінің жағалауында «Достық» қалашығы бар. Мұнда «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істейтін шетелдіктер тұрады. Жергілікті тұрғындар оны «Америкалық қалашық» деп те атайды.
Атыраулық қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов Facebook-тегі парақшасында аталған қалашықтан Жайық өзеніне су ағып тұрғаны туралы видео жүктеді.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 2 тамызда аталған дерекке байланысты тексеру жүргізілген.
«Департаменттің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Жайық өзенінің «Америкалық қалашық» тұсынан су сынамасын алды. «Теңізшевройл» ЖШС экологінің түсіндіруіне сәйкес, аталған құбыр әкімшіліктің рұқсаты негізінде Америкалық қалашықтағы ағаш, газон алаңындарын суару үшін тартылған. Қазір қысымның жоғарылығына байланысты құбырдан кері қарай Жайыққа тамшылап су ағып тұр. Алынған су сынамасының қорытындысы алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау экологтері табиғатты бүлдірушілерге 7 млрд теңгеден астам айыппұл салғанын жазған едік.
Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары – бас мемлкеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегеновтің мәліметінше, биылғы 6 айда жоспардан тыс 19 тексеру жүргізілген.
«Сот органдарының қарауына 23 әкімшілік іс жолданды. Осы кезге дейін 9 іс қаралып, 7 млрд 237 млн 547 мың 814 теңге көлемінде айыппұл салынды», -деп мәлім етті Сырым Тілегенов.
Ал, 40 әкімшілік іс бойынша 34 млн 836 мың 925 теңге әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, толықтай өндірілген.
Фото: Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі