Жайықта балықтың жаппай қырылуына айыптыларға сот үкімі шықты
«Атырау қаласы №2 сотының үкімімен «АСА» КМК бұрынғы директоры Р.Құрметов Қылмыстық кодекстің 37-бабы 2-тармағы, 328-бабы 3-тармағы, 204-бабының 2-тармағында қарастырылған қылмысты жасады деген айыппен кінәлі деп танылды. Оған қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-тармағы негізінде неғұрлым қатаң жаза қолдану жолымен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы 3 жыл мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқара алмайды. Директордың бұрынғы орынбасары В.Сущенко мен су тазалау стансасының басшысы М.Чурсин ҚК 328-бабының 3-тармағында, 204-бабының 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар 3 жылға мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушылардың жазасын өтеу орны - орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесі. Сондай-ақ, сот «Атырау су арнасы» КМК-ден Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының пайдасына - 13 миллион 924 мың теңге, Жайық-Атырау бекіре зауытының пайдасына - 429 миллион 438 мың теңге, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС пайдасына - 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге мөлшерінде материалдық шығынды өндіріп алу жөнінде үкім шығарды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балық жаппай қырылып қалған. Жайық-Атырау бекіре зауыты бекіре тұқымдас балықтардың жартысын жоғалтты. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің тауарлы бекіре өсіретін балық зауыты зауытында 36 мың орыс бекіре тұқымдас – 101 тонна балық өлген. Жалпы 110 тонна балық қырылды. Жайықтағы популяция әлі күнге дейін қалпына келмеді.