Жаз басталғалы Түркістан облысында 31 адам суға кеткен, 19-ы — бала

батып кетті
Фото: Pexels

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Түркістан облысында жыл басынан бері 19 бала суға кеткен. Бұл туралы облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Нұрмаханұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағында 2024 жылғы жазғы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу және қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында біршама жұмыс атқарылып жатыр. 

Атап айтқанда, барлық аудан-қалаларда ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмысы жүргізілген. 

Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен ашық сабақтар өткізілді. 

«Жалпы шомылу маусымы басталғалы бері суға кету фактісі бойынша 31 жағдай тіркелген болса, оның 19-ы — жас балалар. Арнайы шомылатын орны жоқ елдімекендерде жергілікті әкімдік тарапынан және кәсіпкерлер есебінен модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, тегін әрі қауіпсіз шомылуға мүмкіндік жасалып жатыр. Қазіргі таңда жалпы каркасты бассейндер саны 151-ге жетіп отыр. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 2 мыңнан аса рейд ұйымдастырылып, өзендер мен каналдардың бойында тұратын тұрғындарға жадынама таратылды», — деді Оразгелді Нұрмаханұлы. 

Брифинг соңында спикер облыс тұрғындары мен қонақтарын суда шомылу ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жас балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертті.

Соңғы жаңалықтар
telegram