Жазда 4 млн астам жолаушы ел ішінде пойызбен жүрген

АСТАНА. KAZINFORM – «Жолаушылар тасымалы» АҚ жазғы маусымның қорытындысын шығарды. 2024 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен 4 млн 207 мың жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға жоғары. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Поезд пойыз жд вагон проводник поезда пойыз жолсерігі
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Осы жазда республикалық маңызы бар қалалар арасында жолаушылар ағыны бойынша Алматы көш бастады — бұл қаладан 730 мың адам жолға шықты. Елордаға 580 мыңнан астам жолаушы келсе, Шымкентке 260 мыңға жуық жолаушы сапар шекті.

Жолаушы
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Ұлттық тасымалдаушы Бурабай курорты бағыты бойынша электр пойыздарымен 130 мың жолаушыны тасымалдады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға жоғары.

«Осы жазда Алакөл жағалауына Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан, сондай-ақ, алғаш рет Қызылордадан 12 бағыт бойынша пойыздар жүрді. Он бағытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ал екі бағытта жеке тасымалдаушылар қызмет көрсетті. Жолаушылардың жайлылығы үшін Ұлттық тасымалдаушының пойыздары ауа баптау жүйесімен жабдықталған вагондармен қамтамасыз етілді. Жазғы маусымда Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен Алакөлге 135 мыңнан астам жолаушы жеткізілді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 144 бағыт бойынша пойыздар жүреді, оның 103-і «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға, 31-і жеке компанияларға, ал 10-ы өзге теміржол әкімшіліктеріне тиесілі.

 

Соңғы жаңалықтар