Жаз мезгілінде адамдар қандай жұқпалы аурулармен жиі ауырады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаз мезгілінде адамдарда асқазан-ішек жолдарының жұқпалы аурулары жиі кездеседі әрі олар адам денсаулығына өте зиян. Бұл туралы Алматы қалалық №36 емхананың инфекционист-дәрігері Бөпеш Әмірханова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, инфекция тамақ, су, кір қол және басқа заттар арқылы жұғуы мүмкін.
«Көп тараған аурулардың бірі - Salmonella бактериясы қоздыратын сальмонеллез. Ауру белгілері - жүрек айнуы, құсу, диарея, тері және көздің сарғаюы. Инфекцияның алдын алу үшін тек таза ауыз су мен жаңа піскен, балғын тағамды пайдалану керек, тамақ ішер алдында қолды мұқият жуу керек», - дейді дәрігер.
Оның сөзінше, басқа да инфекция түрлері бар.
Мысалы Escherichia coli тудыратын эшерихиоз. Оның белгілері - қанды диарея, жүрек айнуы, құсу және іштің ауыруы.
Инфекцияны болдырмау үшін жақсы піскен етті жеп, тамақ ішер алдында қолды жақсылап жуу керек.
Дизентерия - Shigella бактериясы тудыратын инфекция. Белгілері: қанды диарея, жүрек айнуы, құсу және іштің ауыруы.
Тырысқақ - Vibrio бактериясы тудыратын инфекция. Белгілері: сұйық диарея, жүрек айнуы және құсу.
«Инфекцияның алдын алу үшін таза ауыз су мен жаңа піскен, балғын, жақсы піскен тағамды тұтыну керек, тамақ ішер алдында қолды жақсылап жуу керек. Жақсы гигиена, таза тамақ пен су ғана асқазан-ішек инфекцияларының алдын алуға көмектесетінін есте ұстаған жөн. Аурудың белгілері байқалса, кеңес алып, ем алу үшін дәрігерге қаралыңыз», - деп түйіндеді Бөпеш Әмірханова.