Жазаланушыларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту қажет - А.Рахметулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазаланушыларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту қажет. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы соты Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жазаланушыларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту қажет - А.Рахметулин

«Республика бойынша соттарымыз заң талабына сай әділ әрі заңды жаза тағайындайды. Дегенмен, соттардың назарын қоғамдық жұмысқа тарту сынды жаза түрін жиі қолдануға назар аудартқымыз келеді», - деді ол.

Осы ретте Абай Рахметулин облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жазаланушыны тарту үшін аула тазалау, коммуналдық жұмыстар  сынды бағыттарды анықтауға кеңес берді.

«Мұның қосарланған пайдасы болар еді. Бір жақтан сотталушы қоғамнан ажырап қалмайды және соған орай оларды ортаға бейімдеу жеңілдейді. Бұған қоса, қоғамдық пайдалы жұмысқа тартудың тәрбиелік те мәні бар екендігін ескерген жөн», - деді ол.

Оның дерегінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде дәл осындай жазаға 2 мың 421 адам тартылған.