«Жазасын өтеп шыққандар түрмеге қайта түспесін десек...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жазасын өтеп шыққандар түрмеге қайта түспесін десек...» - республикалық басылымдарға шолу

***

Әлемдегі дамыған мемлекеттерде «ақылды қалалар» бар. Қазақстанда да мем­ле­кет­тің «миы» сияқты міндет ат­қа­ра­тын мұндай жобаларды жү­зе­ге асыру туралы аз айтылып жүрген жоқ. Осынау өршіл мақсат - әкімдіктердің наза­рын­да, Елбасының бақылау­ын­да. Қазақстанның өзінде «ақыл­ды қала» болуға ескі астана да, жаңа елорда да сұранып тұр. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Алматы Инновациялық фору­мы аясында ІІ Инновациялық конвент өтті. Мегаполис қаланың бү­кіл ғылыми әлеуетін бір жерге то­ғыстырған және ғылым мен өн­ді­рістің өзара байланысын көр­се­туге бағытталған конвент қала әкі­мі Ахметжан Есімовтің төр­аға­лығымен жүргізілді. Мақала «Ақылды қала» жобасы» деген тақырыппен берілген.

***

«Статистика агенттігі жариялаған ақпараттарға қарағанда, өткен жылы нақты секторда соншалықты сілкініс бола қоймаған. Тағы да қызмет көрсетулер саласының қарқынды дамығаны болмаса. Әрине, ауыл шаруашылығы саласында біршама қозғалыстың болғаны - азық-түліктің кейбір түрлерінің бағасының өспегенінен көрініс тапты», - деп жазады «Айқын» газеті «Нақты секторда сілкініс байқалмады» деген тақырыптағы мақаласында.  Басылымның атап өтуінше, бұл «ҚазАгроның» аталған секторды кешенді түрде қаржыландыруының арқасында жүзеге асырылып отыр.

***

Халықаралық түрме реформасының келтірген деректеріне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстандағы қамауда отырғандардың 49 пайызы - бұрын сотталғандар. Бұл - оң көрсеткіш емес. Сондықтан да осындай олқылықты түзеу мақсатында жыл басынан «Азаматтық қоғам мен мемлекеттің біріккен күш-жігері арқылы жазасын өтеуден босатылған азаматтарды қайта әлеуметтік бейімдеу мен олардың құқықтарын қорғау» атты жаңа жоба жүзеге аса бастаған болатын. Осы Халықаралық түрме реформасы бас болған жобаның қыры мен сыры жуырда елордада өткен мәслихатта сөз болды. Алқалы жиында көтерілген жайттармен егжей-тегжейлі хабардар болғыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жазасын өтеп шыққандар түрмеге қайта түспесін десек...» деген тақырыптағы мақалаға көз салыңыз.

 

Былтырғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «Жұмыспен қамту» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Оның мақсаты бұрын алған мамандығына сай жұмыс таба алмай жүрген және мектеп бітіргелі белгілі бір кәсіпке қол жеткізе алмаған адамдарға кәсіптік білім беріп, жұмыспен қамту, сонымен қатар кей мамандардың біліктілігін арттыру еді. Дегенмен «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Ірі кәсіпорындар бағдарламаға салғырт қарап отыр» деген тақырыптағы мақалада орын алып отырған кейбір келеңсіздіктер ашық баяндалған. «Екібастұз өңірінде аталмыш бағдарлама қарқынды игеріліп жатқанымен, ірі кәсіпорындардың оған қолдау танытар түрі көрінбейді», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасы мен Жапония ара­сын­дағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толды. Осы датаға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жапония Премьер-министрі Нода Есихикодан құттықтау хат келген. Онда былай делінген: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынас­тың орнағанына 20 жыл толу оқиғасына орай менің шын жүректен шыққан құттықтауым­ды қабыл алы­ңыз. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін біздің елдеріміздің ара­сын­да өте жақсы қа­рым-қатынас қа­лып­тасты. Бұған былтырғы нау­рыз айында Жапонияның шығы­сын­да болған сұрапыл зілзала кезінде бізге көңіл айтқан жылы сөздеріңіз бен қолдауыңыз, сон­дай-ақ Сіздің атыңыздан және көп­теген басқа да қазақстан­дық­тар тарапынан көрсе­тіл­ген көмек айғақ болып табылады. Осы сәтті пайда­ла­нып, мен тағы да өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді».