Жаздың алғашқы күнінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — 1 маусымда Қазақстанның 17 облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында ауа райына қатысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

лето, погода, природа, цветы, тюльпаны, ботанический сад, парк
Фото: Александр Павский / Kazinform

Астанада 1 маусымға қараған түні аздаған жаңбыр, найзағай, күндіз жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел күндіз солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с болады.

Алматыда 1 маусым күндіз аптап ыстық 35 градусқа дейін жетеді. Қонаевта күндіз ауа температурасы 36-38 градусқа дейін көтеріледі. Іле Алатауы тауларында (Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында) күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 18 м/с болады.

Алматы облысында аздаған жаңбыр мен найзағай болжанады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың тау бөктері мен таулы аудандарында күндіз 18 м/с-қа жетеді. Күндіз 35-38 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі. Облыстың солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында күндіз өңірдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр, найзағай күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман болады. Оңтүстік-батыс және батыс желі облыстың шығысында 15-20 м/с дейін күшейеді. Атырауда 1 маусымға қараған түні жаңбыр мен найзағай болады.

Қызылорда облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік жел батысқа ауысып, облыстың орталығында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Облыстың солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі, ал батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында 1 маусымда кей уақыттарда жаңбыр мен найзағай болады.

Маңғыстау облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз облыстың солтүстік-шығысында 15-20 м/с болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында және орталығында жоғары өрт қаупі, ал солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алакөл көлдері ауданында оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с, күндіз екпіні 23-28 м/с болады. Күндіз қатты ыстық 35-38 градусқа жетеді. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі, ал солтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда 1 маусым күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.

Ақмола облысында жаңбыр, найзағай, облыстың оңтүстігінде аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр, найзағай және бұршақ болады. Солтүстік-батыс желі солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с болады. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады, шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі. Көкшетауда 1 маусымға қараған түні жаңбыр мен найзағай болады.

Жамбыл облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында 15-20 м/с, екпіні 23 м/с болады. Күндіз облыс бойынша ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі күтіледі. Таразда 1 маусым күндіз жаңбыр мен найзағай болады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында 15-20 м/с дейін күшейеді. Күндіз облыстың оңтүстігінде қатты ыстық 35-39 градус болады. Облыстың орталығында жоғары өрт қаупі сақталады, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда 1 маусым таңертең және күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысында кей жерлерде қатты жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман болады. Оңтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында екпіні 15-18 м/с болады. Облыстың солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі, ал оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, таңертең және күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде 15-20 м/с дейін күшейеді. Жезқазғанда жаңбыр мен найзағай болады.

Түркістан облысында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік-батыс желі оңтүстік-шығысқа ауысып, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында 15-20 м/с, күндіз екпіні 23-28 м/с болады. Күндіз облыс бойынша ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Түркістанда таңертең және күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз қатты ыстық 40 градус болады.

Қостанай облысында жаңбыр мен найзағай, күндіз облыстың оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман болады. Солтүстік-шығыс желі күндіз облыстың оңтүстігінде 15-20 м/с болады. Облыстың оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ күтіледі. Батыстан соғатын жел облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында 15-20 м/с дейін күшейеді, түнде кей уақыттарда 23-28 м/с болады. Облыстың солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Петропавлда 1 маусымға қараған түні жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні түнде 15-20 м/с, кей уақыттарда 25 м/с болады.

Павлодар облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Оңтүстік желдің екпіні күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде 15-20 м/с болады. Күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі. Павлодарда күндіз жаңбыр мен найзағай болады. Ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді.

Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Оңтүстік-батыс желі оңтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с болады. Облыстың батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Оралда 1 маусым күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.

Абай облысында күндіз қатты ыстық 35-37 градус болады. Облыстың батысында, оңтүстігінде және орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Семейде 1 маусым күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Шығыс Қазақстан облысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Осыдан бұрын ШҚО-да жаздың алғашқы айында ауа райы қандай болатынын жазған едік.