Жаздың үш айында теміржол көліктерінде 327 жолаушы билетсіз мінген - ҚР көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті жаз маусымында жолаушылар пойызына 399 тексеру жүргізді.
Тексерулер барысында санитарлық нормалардың - 298 рет, өрт қауіпсіздігі ережелерінің - 111 рет бұзылғаны және 327 жолаушының теміржол көлігіне билетсіз мінгені анықталды. Бұл жайында аталған министрліктің мәліметтерінде хабарланды.
Жолаушыларды, багаж бен жүктерді теміржол көлігі арқылы тасымалдау ережесі талаптарын сақтамау фактілері бойынша 35 жұмысшы әкімшілік жауапкершілікке, 48 жұмысшы тәртіптік жауапкершілікке тартылған болса, 28 жұмысшымен еңбек шарты бұзылды.
Естеріңізге салып өтейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында министрлікте тасымалдаушы-компаниялардың қатысуымен жиналыс өтіп, онда жазғы маусымда теміржол көлігі арқылы жолаушыларды тасымалдау Ережесінің сақталуына жүргізілген тексерулердің қорытындысы мен анықталған бұзушылықтар талқыланған болатын. Жиналыста ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров теміржол көлігі арқылы жолаушыларды тасымалдау және оларға сапалы сервистік қызмет көрсету халық үшін әлеуметтік маңызды қызметтердің бірі екенін атап өтті.
Осыған орай, тасымалдаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру саласында жаңа технологияларды енгізуге бағытталған бизнес-процестерді әзірлеу тапсырылды. Және вагондарды жөндеу мен техникалық қызмет көрсету сапасын арттыру, пойыздардағы ауа баптағыш жүйелерінің жұмыс істеуін, өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Бұдан өзге, тасымалдаушыларға негізгі қызметтері жолаушыларға қызмет көрсетумен байланысты жұмысшылардың білімі мен біліктілігін арттыру қажеттілігі сонымен бірге, олардың өз жұмыстарына деген жауапкершілігі мен қызығушылығын арттыруды ынталандыру мәселесі де сөз болды.
Көлік және коммуникация министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне өз қызметіне жауапсыздықпен қарайтын тасымалдаушыларға, жолаушыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсету талаптарын бұзған жағдайда субсидия бөлуді доғару мәселесін қарау және қызмет көрсетуші персоналға қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау тапсырылды.