Жазғы демалыста балалар қауіпсіздігі күшейтілді: ТЖМ ел бойынша рейд жүргізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Құтқарушылар полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп рейдтер, патрульдеу шаралары, ашық сабақтар, балалар лагерьлеріндегі кездесулер мен интерактивті оқыту іс-шараларын ұйымдастырған. Акцияның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында суда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ересектердің жауапкершілігін арттыру.
Алматы қаласында ТЖД мамандары балалар лагерінің тәрбиеленушілеріне арналған «Қауіпсіздіктің мобильді мектебі» жобасы аясында ауқымды іс-шара өткізді. Балалар құтқарушылардың жұмысымен танысып, өрт сөндіру техникасының жауынгерлік әзірлікке келтірілуін тамашалады, оқу-жаттығу эвакуациясына қатысып, жер сілкінісі симуляторын сынап көрді. Сонымен қатар олар өрт, жер сілкінісі және судағы қауіпсіздік ережелерін меңгерді.
Астанада су айдындарындағы қауіпсіздікті күн сайын 70-тен астам қызметкер қамтамасыз етеді. Бұл жұмысқа 12 техника мен жеті жүзу құралы жұмылдырылған. Патрульдеу барысында демалушыларға судағы қауіпсіздіктің негізгі талаптары түсіндіріліп, ережелер еске салынады. Ал судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін бүгінгі күнге дейін 31 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Шымкент қаласында құтқарушылар «Наурыз» қалалық саябағында «Қауіпсіз балалық шақ аумағы: ашық терезелерден сақ болыңыздар, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, отпен ойнамаңыздар» акциясын өткізді. Тұрғындарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шаралары, су айдындарында қауіпсіз демалу ережелері және өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірілді. Мамандар тыйым салынған жерлерде шомылудың қауіптілігін көрнекі түрде көрсетіп, келушілерді өрт сөндіру-құтқару техникасымен таныстырды және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету алгоритмін еске салды.
Атырау облысында шомылу маусымы ресми түрде ашылмаған, себебі жабдықталған жағажайлар жоқ. Осыған байланысты құтқарушылар күнделікті рейдтер өткізіп, азаматтарға жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріпжүр. Балалар мен олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударылады.
Шығыс Қазақстан облысында белгілі демалыс орындарында, соның ішінде Бұқтырма су қоймасының жағалауында патрульдеу жұмыстары күшейтілді. Заманауи катерлер құтқарушыларға төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жазғы маусым басталғалы бері 200-ден астам рейд пен патрульдеу шаралары өткізілді.
Жамбыл облысында акция аясында «Қауіпсіз балалық шақ!» атты профилактикалық іс-шара өткізілді. Онда мектеп оқушыларына судағы қауіпсіздік ережелері, өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету тәртібі туралы түсіндірілді. Балалар үшін викториналар, тақырыптық қойылымдар және өрт сөндіру-құтқару техникасының көрмесі ұйымдастырылды.
Жетісу облысында Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауларында, сондай-ақ Талдықорған қаласының жағажайында профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Құтқарушылар балаларды ойын түрінде судағы қауіпсіздік ережелеріне үйретіп, түрлі жарыстар, викториналар мен спорттық эстафеталар өткізеді.
Батыс Қазақстан облысында профилактикалық жұмыс балалардың жазғы лагерлері мен демалыс орындарын қамтиды. Құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережелерін, өрт қауіпсіздігі шараларын еске салып, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу және түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай іс-шаралар Жаңаөзен қаласындағы «Ақбөбек» балалар демалыс орталығында да өтіп жатыр, онда балаларға арналған оқыту сабақтары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылған.
ТЖМ 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері күн сайын жағалау аумақтарын патрульдеп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қабылдайды.
-ТЖМ балалардың қауіпсіздігі ересектердің жауапкершілігінен басталатынын еске салады. Ата-аналар балалардың қайда жүргенін үнемі бақылап, оларды су жағасында қараусыз қалдырмауы және демалыс үшін тек жабдықталған әрі шомылуға рұқсат етілген орындарды таңдауы қажет. «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» профилактикалық акциясы шомылу маусымы бойы жалғасып, еліміздің барлық өңірін қамтитын болады,-делінген хабарламада.
Бұған дейін ТЖМ шомылу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырған болатын.