Жазғы балалар демалыс орталықтарының бірінші ауысымы аяқталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазғы демалыс басталған кезден елордалық оқушылар өз уақыттарын тиімді өткізуде. Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана қаласында мектеп жанындағы балалар лагерьлері жұмыс істейді, деп хабарлады Астана қаласының ресми порталы.
Кеше М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының балалар демалыс орталығында «Жазғы шығармашылық мектебінің» бірінші ауысымы аяқталды. Жазғы лагерьлер бағдарламасына оқушыларды тамақтандыру, жүзу әдістерін үйрету және мұзда сырғанау, лингвистика, шахмат ойнау секілді пайдалы сабақтар енгізілген. Бір ауысымның (12 күн) құны 15 000 теңгені құрайды.
Оқушылар сарайының директоры Құралай Мұқышеваның айтуынша, бірінші ауысымда аталмыш лагерьге 80 оқушы қатысқан. Олардың дені 1-4 сынып оқушылары. Алайда екінші ауысымда балалар саны бұдан екі есе артады деп күтілуде.
Оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, оларға бос уақытты тиімді өткізуді үйрету мақсатында «Жазғы шығармашылық мектептері» ұйымдастырылады. Бүгін бірінші ауысымның жұмысы мәресіне жетті. Біз 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні ашылдық. Бір ауысым 12 күнге жалғасады. Оқушылар сағат 09:00-16:00 аралығында өз уақыттарын лагерьде қызықты өткізеді», - деді М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының директоры Құралай Мұқышева.
Жалпы, жазғы лагерьлерде үш ауысым ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мектеп ауласын көгалдандыру жұмыстарына да араласады. Одан бөлек, зияткерлік, шығармашылық сабақтар өткізіледі.
Еске сала кетейік, Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, 73 орта мектептің жанынан ашылған лагерьлер 1 маусым мен 10 шілде аралығында 1-4 сыныптардан 45 000 оқушыны қамтымақ.