Жазғы демалыс: Жандарбек Бекшин ата-аналарға кеңес берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оқу жылы аяқталып, балалар демалысқа - сауықтыру орталықтарына бара бастайды. Осы ретте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин балаларға қатысты бірнеше пайдалы кеңес айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Вакцинацияны өткізу үшін негізінен жыл сайын елімізде қызылшаға шалдығудың 1800 жағдайы тіркелу керек (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша - авт.). Сондықтан, екпе жұмыстарын жүргізбейбіз. Бірақ, ДДСҰ нұсқауы бойынша біз вакцинацияны ең қауіпті топтар бойынша жүргіземіз. Вакцинациямен үш топ қамтылады. Оның бірі - 1 жасқа толмаған балалар. Қазіргі уақытта 9 айлық балаларға екпе жүргізудеміз. Сол секілді медицина қызметкерлеріне де екпе жасалады. Олар ертең ауырса, ауруханаларда бұл ауру өршуі мүмкін. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің 97 пайызын вакцинациядан өткіздік. Үшінші топ - осы ауруға шалдыққан адамдармен байланыста болған адамдар. Қазірге дейін қызылшаға шалдыққан адамдармен байланысты болған 15 мың адамға екпе жасадық», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитардың айтуынша, осы жұмыстардың арқасында қызылша ауруы сәуірден бері мамыр айында 18 пайызға азайған.
«Балалар каникулға шығады. Қайтып келгеннен кейін 2 млн-нан астам ванцинация жүргіземіз. Ол қызылша мен желшешек ауруының алдын алу үшін жүргізіледі», - дейді ол.
Жандарбек Бекшин сондай-ақ, балалар демалысқа шығып жатқан уақытта жұқпалы аурулардан сақтану керектігін атап өтті.
«Қазір балалар демалысқа шығып барады. Олардың өз-өзімен жүрмегені абзал. Көзден таса болмай, кез келген жерден су іше бермеуі тиіс. Көкөніс, жеміс-жидекті жуылғаннан кейін жеуі керек. Қолды жиі жуған абзал. Ата-аналар бұл мәселелерді нақты бақылауға алуы тиіс. Балаларымыз сырттағы сауықтыру ұйымдарына кетеді. Былтыр ондай сауықтыру орталықтарының 219-ы балаларды қабылдаған болатын. Қазіргі таңда сауықтыру орталықтарының 48-не санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бердік. Әкімдермен бірлесіп, бұл жұмыс атқарылуда. Ата-аналар жаңадан құрылған біздің комитеттің (тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау комитеті) сайтына кіріп, санитариялық ережелерге сай келетін сауықтыру орталықтарын көре алады. Ол жерде күнделікті жарялап тұрамыз. Сауықтыру ұйымы сол тізімде болса, балаларды сол ұйымға қорықпай апара беруге болады», - дейді Жандарбек Бекшин.