Жазғы лагерьлер қандай санитариялық талаптарды сақтауы тиіс

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жазғы сауықтыру лагерьлеріне қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазғы лагерьлер қандай санитариялық талаптарды сақтауы тиіс

«Санитариялық ережелерге сәйкес, лагерь аумағы қоршалып, объектілер тұрмыстық ауызсу, ыстық су, канализация, жарықтандыру, желдету және басқа да жүйелермен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Барлық үй-жайлар таза болуы міндетті, жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, күнделікті тазалау жүргізілу керек.

Дератизация және дезинсекция шаралары жүргізіліп, жәндіктердің, кенелердің, кеміргіштердің болуына жол берілмеуі тиіс.

Нысандардың жиһаздары мен жабдықтары балалардың өсуі және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы шарт»,- деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ жазғы сауықтыру орнында нысан басшысымен бекітілген перспективті мәзір жасалады. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті сусындар, фасфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді.

«Нысанның жауапты тұлғалары тамақтандыру пунктіне қабылданған өнімнің сапасын, өнімді сақтау жағдайларын және мерзімдерінің сақталуын, тәуліктік үлгіні таңдау мен сақтаудың дұрыстығын, тағам дайындау технологиясының сақталуын, жеке қызметкерлер мен асхана кезекшілерінің гигиеналық ережелерді сақталуын тексереді. Дайын тағамды тарату медицина қызметкерлері дайын тағамдар сапасына органолептикалық бағалау жүргізгеннен кейін жүзеге асырылуы тиіс. Күн сайын ас блогында дайын өнімнің тәуліктік сынамасы алынуы керек», - деп еске салды департамент өкілдері.

Бұдан бөлек, барлық қызметкерлердің жұмысқа қабылданғаны туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары болу міндетті.

«Балалардың денсаулығы дұрыс теңдестірілген тамақтанумен, дұрыс ұйқы, дене шынықтыру және дұрыс ұйымдастырылған күнделікті күн тәртібіне тікелей байланысты. Біз балаларымыздың қарапайым өмірлік дағдыларын, соның ішінде жеке бас гигиенасын сақтауды, балаларымызға қауіпсіз және пайдалы демалысты қамтамасыз етуіміз қажет»,- деп атап өтті эпидемиологтар.