Жазғы және қысқы Азия ойындарында батысқазақстандық спортшылар да намысты қолдан бермеуге тырысады– Қ.Жетпісов
ng> /Елжан Ералы/ - Ағымдағы жылдың аяғы мен жаңа 2011 жылдың басы Азия құрлығында екі бірдей ауқымды спорттық шаралармен есте қалғалы тұр. Оның бірі - қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында болатын жазғы Азия ойындары болса, екіншісі - біздің елімізде, Астана мен Алматы қалаларында өтетін VII қысқы Азия ойындары.
Құрлықтағы қос бірдей бәсекеде ел намысын басқалармен қатар батысқазақстандық спортшылар да қорғамайтын болады. Дүбірлі додаға баратын спортшылардың түгелге жуығы Батыс Қазақстан облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығы қанатының астына шоғырланған. ҚазАқпарат тілшісі жауапты жарыстар қарсаңында орталық директоры, әйгілі балуан, самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Қоныс Жетпісовпен сұхбаттасқан еді.
- Қоныс Сатыбалдыұлы, Сіз басшылық ететін орталықтың мақсаты қандай? Мұнда қанша спорт түрлерін қамтылған, қанша спортшыға қамқорлық жасалуда?
- «Олимпиада резервтерін даярлау орталығы» МКҚК 2001 жылы құрылды. Мақсаты - спорт мектептерін бітірген, спорттық шеберліктері шыңдалып, жоғары нәтижелерге жете бастаған қыз-жігіттерді бір жерге жинақтау, түрлі жарыстарға қатысуларына жағдай туғызу. Былайша айтқанда, спорт мектептері мен кәсіби спорттың арасына алтын көпір болу. Қазір орталықта спорттың он түрі, атап айтқанда академиялық есу, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, жеңіл атлетика, садақ ату, самбо және шорт-трек қамтылған. Күні бүгін бізде 84 спортшы тіркеуде тұр. Оларды жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына жіберу, басқа да түрлі жағдайларына байланысты көмектесу біздің міндетімізге жатады.
Спортшылар жетістігіне тоқталсақ, барлығын тізбелеудің қажеті бола қоймас. Тек жыл басынан бергілеріне тоқталсақ, академиялық есуден жерлесіміз Григорий Феклистов Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатын ұтты. Татьяна Феклистова, Артем Бекмачев, Рамиль Шамсутдинов, Анарбек Өміров секілді қыз-жігіттер осы жарыста жүлделі екінші-үшінші орындарға ие болды. Бокстан Ержан Кәрімов пен Ерік Әлжанов Сиднейде өткен олимпиада ойындарының чемпионы Е. Ибрайымовтың турнирінде топ жарса, Аслан Есенов қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресінен Тайландтың астанасы Бангкокта өткен Азия чемпионатында алтын медаль алып қайтқан Айбек Марданов - болашағынан үлкен үміт күттіретін жас балуандарымыздың бірі.
Дзюдошы қыздардан жастар арасындағы ел чемпионы Әсел Қазиеваны, М. Мәметова турнирінде топ жарған Алмагүл Орынғалиеваны, жасөспірімдер арасынан екінші Еуразиялық спорт ойындарында чемпион болған Гүлдана Әлмұханбетованы ерекше атауға болады. Олардан бөлек Айжарқын Еслямова, Алена Горбунова, Аида Садықова секілді балуан қыздарымыз да жиі жүлдеге ілігуде. Дзюдошы қос жігіт Азамат Мұқанов пен Қазбек Сұпығалиев өз салмақтарында Қазақстанда алдыңғы орында.
Еркін күрестен Екатерина Ларионованың келешегі кемел болады деп сенеміз. Себебі ол Павлодарда өткен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатында 60 киләда күресіп, жеңімпаз атанды. Артынша осы жетістігін Екібастұзда қайталады. Шілдеде Тай елінде болған Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, ел мерейін асырды. Тәжірибелі балуандарға келетін болсақ, Гузель Манюрова Үндістандағы Азия чемпионатында қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Ольга Жәнібекова осы сайыста күміс медальға қол жеткізді. Мәскеудегі әлем чемпионатында қола жүлдені қоржынға салған еркін күрес шебері Абдулхаким Шәпиевті ел біледі.
Садақ атудан Анастасия Баннова бастаған әйелдер құрамасы Қазақстанда бірінші орында. Самбодан Ақ Жайық спортшыларының жеңісті жолы әлемге аян. Әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Ерболат Байбатыров, әлем кубогы кезеңінің жеңімпаздары Медет Оңдағанов пен Бағдат Жарылғасов - біздің мақтаныштарымыз.
Қысқы спорт түрлерінен шаңғыдан Елена Антонова мен Алла Головотенкоға, шорт тректен Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев бастаған басқа да қыз-жігіттерге үлкен сенім артамыз.
-Спортшыларға қамқорлық ойдағыдай, қаржы жеткілікті, қандай жарысқа барам десе де жол ашық деп жүрміз. Басшы ретінде Сізді толғандыратын мәселе бар ма?
- Әрине, бар. Бүгін таңда, өкінішке қарай, жастардың спортқа құлшынысы төмендеп кетті. Көп нәрсені компьютер, теледидар алмастырды. Жаттықтырушыларда баяғыдағыдай баланы еліктіріп, баурап әкету жағы кемшін. Бір ғана мысал, мақтағаным емес, біздің бапкеріміз болған Мүсілім Оңдағановтың кезінде арнайы білімі жоқ еді. Білімі болмаса да өзі таң атысы, кеш батысы залдан шықпай, мықты спортшыларды үлгі етіп, соларды көрсек деген біздің арманымызды оятты, жігерімізді жаныды. Қазіргі бапкерлер баланы біртіндеп қызықтыра түсудің орнына орындалмайтын тапсырмалар беріп, үркітіп алады. Мысалы, өзім айналысқан самбо күресінде еңбек сіңірген спорт шебері болсам да, әзер жасайтын әдіс-тәсілдер жеткілікті. Күрес әліппесін жаңа ашқан балдырғаннан соларды талап етсе, қалай боларын өзіңіз ойлай беріңіз. Екінші бір үлкен мәселе - ауыл түгілі, қалада спорт залдары аз. Болашақта қаланың әр жерінде шағын-шағын бірнеше спорт залдары салынса, жастардың спортқа көптеп келері анық. Әрине, жалпы жағдай жаман емес, жағдай жасалса, жақсы нәтиже уақыттың еншісінде екені белгілі ғой.