Жазушы Әбдісаттар Оспанов Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне өзінің кітаптарын тарту етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Авторлар қоғамының мүшесі, тарихшы-этнограф, жазушы, ақын, композитор Әбдісаттар Оспанов Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне өзінің кітаптарын тарту етті.

Жазушы Әбдісаттар Оспанов Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне өзінің кітаптарын тарту етті

«Кітап - адамның ойын байытып, білімін жетілдіретін оқу құралы. Бүгінгі жастар бұрынғы біз сияқты кітапқа көп мән бермейді. Біз бала күнімізде кітапты оқығанда жеп қоя жаздайтын едік. Осы орайда, жастарға халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген аталы сөзін айтқым келеді», - деді Әбдісаттар Сәдуақасұлы оқу ордасына өз кітаптарын ұсынып жатып.

Жазушы «Наркескен» атты 3 томдық тарихи-көркем трилогиясын оқу ордасына тарту етті. Кітаптың негізгі тақырыбы ұлы ата-бабаларымыздың тарихын толыққанды зерделеп, отан, туған жер үшін қасық қанын аямаған баһадүр ерлердің ерліктерін арқау еткен.

«Қалың оқырманның назарына ұсынып отырған бұл кітабым - тарихымызды дәріптейтін, елін әспеттейтін қауым үшін талғамы биік шығарма. Бұл кітап - бүгінгі жастардың патриоттық рухын көтеруде маңызды роль атқаратынына еш шүбә келтірмеймін», - деп атап өтті автор.

Жазушының айтуынша, «Наркескен» 3 томдық трилогиясын былтыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдық мерейтойы қарсаңында жазып бітірген. «57 жыл ғұмырымды осы кітапқа арнадым. Жанқожа батырдың бала кезінен бастап, 86 жасында қайтыс болғанға дейінгі ғұмыры қамтылған. Мұнда батыр туралы ел аузындағы әңгімелердің мұрағат құжаттарымен сәйкес келетіндері ғана кірді. Кезінде Мұхамеджан Тынышбаев: «Жанқожа батыр - қазақта көзі тірісінде үш жүздің биі, әрі әулиесі атанған адам», деп жазыпты. Осындай деректер бар»,- деді Әбдісаттар Оспанов. Авторы: Күнсұлтан Отарбай