Жазушы Д.Досжанға ас беріліп, қаламгер жайында жазылған екі кітаптың тұсауы кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, марқұм Дүкенбай Досжанға ас беріліп, қаламгер туралы жазылған екі кітаптың тұсауы кесілді.
«Қанатты қаламгер» атты кітап авторы Ақтөбе гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Алпысбай Мұсаев болса, екінші кітапты қаламгердің жары Сәуле Досжан жазған, ол «Құдіретті қалам иесі» деп аталады.
Қазақ жазушылары арасында Д. Досжанның шығармалары әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылып, 7,7 млн данамен таралған. Соның нәтижесінде, еліміздегі ең оқырманы көп жазушы атанған болатын. «Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы», «Абақты» секілді деректі шығармалары арқылы Дүкенбай Досжан тұлғатану бағытында да өзіндік соқпақ қалдырған еді. Тәуелсіз еліміздің рухани саяси өмірін, отаншыл сана мен оған қарсы келетін кеселді күштердің тартысы жайлы «Ақ орда» романы арқылы кең көлемде дүние жариялап үлгерді.
Ең айтулысы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының салқыны кетпей тұрып жазған «Алаң» романы жастардың темірдей тәртіпті талап ететін жүйеге қарсы келген тегеурінді ерлігіне елден бұрын баға беріп, жендеттердің аяусыз қылмысын әшкерелей алған қаламгер болды. «Барынша ақкөңіл, кеңқолтық азамат еді. Баяғы қазақы мінездің көшінен түсіп қалған жұрнақ секілді. Бүгінгі күннің қақаң-сұқаңымен де, өсек-аяңымен ісі жоқ-тын. Кісіге жақсылық жасауға бейім, жапа шексе - көбіне адалдықтан, аңқаулықтан жапа шегетін. Жан баласына жамандық тілемейтін. Ешкімге залалы жоқ, шуағы мол. Бар білетіні - жазған шығармалары еді. Еңбекқор, көп оқып, көп тоқитын ғұлама-тын», - дейді қаламгер жайындағы естелігінде Мырзатай Жолдасбеков.