Жазушы Қадыр Әлімқұловтың «Әкемнің әлемі» атты жаңа кітабы жарық көрді

Жазушы бұл роман-эссесінде соғыс және еңбек ардагері, ізетті ұрпақ тәрбиелеп өсірген ардақты әкесінің бейнесін шынайы, кестелі тіл, көркем образ арқылы кескіндей білген.
Бала кезден ойына сақтаған әкенің тәлім-тәрбиесі мен жарқын істерін, ес жиып, ер жетіп, ат жалын тартып мінген жастық шағын, студенттік және отбасын құрап, жұртпен араласып, ел ағаларымен бірге болған мағыналы күндерінің тізбегін, әкемен өткізген барлық сәттерді қаламгер қызықты әрі әсерлі суреттеген.
Кітапта артық деталь, басты кейіпкерін асыра мақтау немесе адамдарды сырттай даттау, тағы басқа да оқырман көңіліне сызат түсірер жайттар жоқ. Қарапайым қазақ отбасының айрандай ұйыған тіршілігі, отағасының бала тәрбиесінде алар орны, қара шаңырақтың шаттығы саналатын асыл ананың қадір-қасиеті, ағайын-туыс, дос-жаран, көршінің аралас-құралас тату тірлігі - бәрі-бәрі нанымды баяндалған.
Кеңестік кезеңнің құйтырқы саясаты, екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ қоғамына тигізген, кезінде айтуға тым салынған зардаптары нақты деректермен, кейіпкерлердің бастан кешкен түрлі оқиғалары арқылы тартымды беріледі. Кітап сондай ерекшеліктерімен құнды.