Жазушы Марианна Уильямсон АҚШ-тағы президенттік сайлауға түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Америкалық жазушы Марианна Уильямсон сенбі күні 2024 жылы болатын АҚШ президентін сайлауға үміткер болатынын ресми мәлімдеді. Бірнеше бестселлер авторы 2020 жылғы сәтсіз науқаннан кейін екінші рет бақ сынап көрмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.
Қайта сайлануға ниетті екенін айтып қойған, бірақ әлі ресми мәлімдеме жасамаған қазіргі президент Джо Байденге қарсы Демократтар партиясынан Уильямсон үміткер болады.
«Мен бұған дейін де президент сайлауында дауысқа түскенмін», - деп мәлімдеді Уильямсон жақтастарына Вашингтондағы науқанын бастаған кезде.
Уильямсон шамамен 20 минут сөйледі, үміткер экономикалық және әлеуметтік әділетсіздікке, сондай-ақ Вашингтондағы жемқорлыққа басымдық берді.
Демократиялық партия атынан үміткер өзінің бұған дейінгі науқанында әлеуметтік қорғау бағдарламаларын кеңейтіп, құлдардың ұрпақтарына тигізген зиян үшін өтемақы төлеу керек екенін мәлімдеген.
Сонымен қатар Республикалық партия мүшелері де Байденмен күресу мүмкіндігіне кезекке тұрып жатыр. Негізгі қарсылас – экс-президент Дональд Трамп.
Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы және БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Никки Хейли, биотехнология және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін кәсіпкер Вивек Рамасвами АҚШ президентіне үміткер ретінде тіркелу жоспары бар екенін мәлімдеді.