Жазушы мұраты - елге қызмет
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының ХІV құрылтайы болып өтті. Қазақ елінің кешегісі мен бүгінін қамтитын тарихи сәттерді көркем тілмен көпшілік назарына ұсынатын ақын-жазушы қауым бұл жиынға еліміздің барлық облыстарынан арнайы келіп қатысты.
Елдің еңсесін түзеп, ұлтты ұлы істерге ұйытуға үлес қосатын Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ даласының шартарабынан жиналған жазушы қауымға оқып беріп, қалам ұстаған қауымның ел іргесін бекемдеу және әр алуан ұлттан құралған бұқара қауымды бауырластыру жолындағы еңбектеріне Елбасы атынан алғыс сезімін білдірді. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы таяу уақытта мемлекеттік тапсырыспен жазылатын туындыларға және жазушыларға бөлінетін қаламақының ең төменгі сомасы бекітілетіндігін, барлық туындылардың Қазақстан Жазушылар одағының қабырғасында талқылаудан өткеннен кейін ғана баспаларға жол тартатындығын және басқа да одақ төңірегінде қордаланып жатқан мәселелер бойынша жақын күндерде жазушылармен арнайы кеңес өткізетіндігін жеткізді.
Қазақстан жазушыларының құрылтайын салтанатты түрде ашқан Жазушылар одағының хатшысы Нұрлан Оразалин бауырлас Түркия, Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан жазушылар одақтары атынан құттықтау хаттары келіп түскенін мәлімдеді.
Құрылтайдың салтанатты ашылу рәсімінен кейін сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Серік Қирабаев әдебиетіміздің ақсақалы ретінде қоғамдағы жазушының рөлі, жаңа заманның жасампаз кейіпкерін қалыптастыру, жазушылардың жеке шеберханасы мен жан дүниесі хақында, жалпы шығармашылық еңбектің ыстық-суығы туралы кең мағлұматты қамтитын келелі ойын көркем түйіндеді.
Қазақстан Жазушылар одағының осы құрылтайға дейінгі атқарған еңбегін саралайтын Бақылау-тексеру комиссиясының есебін белгілі ақын Аян Нысаналин жасады. Сондай-ақ, қазақ поэзиясының бүгінгі аяқ алысы жайлы ақын Исраил Сапарбайдың, проза секторы бойынша атқарылған шаруалар жөнінде Тұрысбек Сәукетаевтың және Қазақстандағы орыс әдебиеті туралы аталмыш секцияның жетекшісі Любовь Шашкованың қосымша баяндамалары тыңдалды.
Екі құрылтай арасында Қазақстан Жазушылар одағының атқарған іс-шаралары туралы Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Иран-Ғайып, Тұрсынбек Кәкішев, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржеке, Қоғабай Сәрсекеев секілді еліміздің белгілі ақын-жазушылары өз пікірлерін күллі жазушылар алдында көппен бөлісті.
Осы жиында Қазақстан жазушыларының ХІV құрылтайына қатысушылардың үндеуі қабылданып, ұлт әдебиетінің, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің қалыптасуына толайым үлес қосқан С.Қирабаев, Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза секілді алдыңғы лек жазушыларынан құралған Ағалар алқасының құрамы да бекітілді.
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі мәселесі мен келешек бағдарын сарапқа салған құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы мен Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланып, барша жазушылар бірауыздан құрылтай қаулысын қабылдады. Жиын соңында Басқарманың алғашқы пленумы өткізіліп, оны белгілі ақын Қалихан Ысқақ жүргізіп отырды. Пленумда Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін одан әрі атқара беретін болып ақын Нұрлан Оразалин сайланса, оның бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай және орынбасарлары болып Маралтай Райымбекұлы мен Жанарбек Әшімжан сайланды.
Қазақ елінің жазушылары бас қосқан келелі жиынға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев қатысып отырды.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жылғы 25 қыркүйек.