Жазушы және өмір
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендер орысша сауаты мықты болса да, көркем шығарманы қазақ тілінде жазды, дейді сұхбатында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының профессоры, академик Серік Қирабаев.
- Әңгімеміздің піссіміләсін съездерден бастасақ аға... Олардың функциясы, әдеби-мәдени ролі жөнінде аз-кем тоқтала кетсеңіз?..
- Жазушылардың өз алдына қоғамдық ұйым болып ұйысуына рухани, мәдени, қоғами, саяси аспектілер әсер етті. Жаңа формация - жаңа көзқарасты, жаңа дүниені, жаңа әдебиетті талап етті. Әдебиетте халықтың ой-арманы, мақсат-мүддесі көрініс табу керек болды. Ең алғашқы съездың ұйымдастырушысы болып Максим Горький бекітілді. Ол кездері орыс жазушысының аты әлемге мәшһүр-тін. Адамзаттың қасжауына айналған империализм мен фашизм етек алған тұста Горький: «Әлем өнер иелері кімменсіңдер?..» - деп ұран тастап, үлкен, ұлы бастаманың басынан табылды. Сол кездері А. Барбюс, Р. Роллан, Б. Шоу, Р. Тагор секілді дүниежүзіне танымал қаламгерлер I Бүкілодақтық съезге қатынасты. Бұл - 1934 жыл еді. Қазақтан Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтар да барды. Сол жиында Горький көлемді баяндама жасап, заман ағымына сай әдебиет қандай болу керек, қандай ірі-ірі тақырыптар қозғалу керек деген мәселелерге тоқталды. Қаламгерлер қауымы: «Съезд бес жылда бір рет өткізіліп тұрсын» деген тоқтамға келді.
- 1939 жылғы?
- 1939 жылғы жағдайды айтпаса да белгілі шығар. Елден береке-бірлік кеткен кез. Қазақ қоғамындағы саяси ахуал күрделене түсті. Ал Мәскеудегі атмосфера туралы айтудың өзі артық болар. Көптеген себептерге байланысты съез өтпей қалды. Тұңғыш съездте тіл, ұлт мәселесі сөз болған. Кейін зиялылар ұсталып кеткен соң ондай жеке-дара дүниелерді ауыз алмайтын болдық. Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін, яғни 1952 жылы съезд қайтадан жанданды. Соғыс жылдары туралы жазылған шығармалар талданып, талқыланып, жетістігі мен кемістігі сөз болды. Горькийден кейінге Бүкілодақтық Жазушылар одағының төрағасы болып Фадеев тағайындалды. Ол қазақ әдебиетіне ерекше қарады. Шетелге барған сайын өзге қаламгерлермен қатар, қазақ әдебиетіндегі ірі жаңалықтарды айтып жүретін. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы көбісі Фадеевтан естіп, қызығушылығы оянды. Пленумдарда қазақ жазушыларына баяндама жасатып, әдебиетіміздегі мәселелерді айрықша сұрап тұрды. Бірде Фадеев: «Қазақ әдебиеті айтары көп, берері мол, әлі әлемге үлкен дарындарды таныстыратын әдебиет», - деді. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин сияқты ақпа-төкпе ақындар сол кездері елдің аузына ілігіп, жұртшылық назарында болды, өлеңдері оқыла бастады. Мұхамеджан Қаратаевтың зерттеу еңбектері, Тахауи Ахтановтың прозалық шығармалары орысшаға аударылып, тарала бастады. Ол кездері Мәскеуге шығу деген қиын дүниелердің қатарынан болатын-ды...
Қазақ жазушыларының съезінде «Көркем әдебиеттің маңызы туралы» баяндама жасадым. Негізгі баяндаманы Ғабиден Мұстафин оқыды. Ал М.Әуезов драматургия, С. Мұқанов поэзия турасында, бір жылда болған әдеби жаңалықтарға тоқталды. Содан бері міне - сексен жыл болыпты. Сол кезден бастап өз беделін түсіріп, абыройын аласартқан жоқ. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендердің қазақ көркем сөзіне, өнеріне сіңірген еңбегі ерен екенін ұмытпауымыз керек. Аты аталған туындыгерлер туындыларымен қатар, ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түсті. Мемлекеттік мәселелерге қатысып, өз ойын айтып отырды. Кейіндері басшылыққа келген Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжановтар ағалар жолын жалғастырып, жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді жазушылар қазақ әдебиетін Одақ көлемінде таныстырды. Қазақстан Жазушылар одағында өткен съездер, пленумдар тек қана әдебиет мәселесімен ғана шектеліп қалған емес. Қазақтың басына ауыртпашылық түсіп, қиын-қыстау кездерде қаламгерлер, жалпы Жазушылар одағы жалпақ жұрттың жанынан табылып, қайғы-қасіретіне ортақтаса білді. Шын жазушы сондай кезде көрінді, көзге түсті. Ұлтты сақтап қалғандар да - солар!
Бұрынғы съезд, пленумдарда қаламгерлер мен өнер адамдарынан бөлек, қарапайым халық көп болатын. Қандай мәселе талқыланып жатыр, кім не айтып жатыр, қандай жаңалықтар бар екен деген оймен келіп, көріп, тыңдайтын-ды. Әйтеуір, кіріп-шығып жатқан халық...
- 1952 жылғы съезд туралы сөз қозғап қалдыңыз...
- Ең алғаш қатысқан съезім 1952 жылы болған еді. Ол туралы сұхбат басында айтып өткенмін. Содан бері ірі әдеби жиындардан қалып көрген емен. Жазушылар одағында «Сышнылар кеңесі» деген болатын. Соған мүше болдым. Ұлт әдебиеті, әдеби ахуал, сын туралы ірілі-ұсақты баяндамалар жасап жүрдім. Пленумдарда жасалған баяндамалар жеке кітап болып, Мәскеуден жарық көріп жатты. Сыни мақалалар, рецензияларым сол жинақтарға еніп жүрді.
- Сол кездегі съездерде талқылаланған мәселелер? Әдеби атмосфера турасында айта кетсеңіз...
- Ұлттық тақырып көтерілмейтін. Жалпы, әдебиеттің дамуы, бет-бұрысы, үрдісі талқыланатын-ды. Ақын-жазушылар көп жиналатын. Бір-бірін ұзақ көріспеген кісілер арқа-жарқа болып, құшақтасып, қуанып, екі-үш күн жұбы жазылмай жүретін кез ғой, бұл...
Съездерде аты шыққан жазушылар басты баяндамалар жасап, өз елінің әдеби ахуалын сөз ететін. Солардың бірі - Мұхтар Әуезов еді.
Аталмыш жиын, басқосулардың дені - ұрандар тұратын. Идеяны көркем шығармаға айналдыру, халық санасына сіңіру жолдарын қарастыру деген нәрселер талқыланатын. Съезд Партия басшыларынсыз өтпейтін. Айтылған әңгіме, жасалған баяндама, тың идея хатталып, жазылып отыратын. Әркім секция-секция бойынша жыл қорытындысын жасап, ұсынысын алға тартатын. Әлемді дүр сілкіндірген оқиғалар мен бейбітшілік назар тыс қалмайтын. Әдеби тартыс-талас болмайтын.
Кейінгі съездер басшылыққа таласудың айналасынан шықпай қалды. Басшылыққа құмарту деген дертке айналды. Басшы кім болатыны маңызды емес, маңыздысы - әдебиеттің дамуында ғой.
Бағана ұлттық тақырып көтерілмейтін дедім... Дегенменде, әр жазушы өз тілінде жазды, өз халқының проблемаларын көтерді. Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендер орысша сауаты мықты болса да, көркем шығарманы қазақ тілінде жазды. Бір басқосуда Мұхтар Әуезовке: «Сіз орысша жақсы білесіз. Неге шығармаларыңызды да орыс тілінде жазбайсыз?» - деген сұрақ қойылды. Сонда Мұқаң: «Менің орысшам - көркем әдебиетке арналған орысша емес. Менің орысшам - мақала, рецензия, құжаттың айналасындағы орысша. Адам қазақ болғысы келсе, қазақша түс көру керек...», - деп жауап берді. Осындай бір ірі тұлғалардың арқасында қазақ тілін, қазақ өнерін, қазақ мәдениетін сақтадық. Шыңғыс Айтматов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменовтер орысша жазсада, ұлт деген қасиетті ұғымнан ажыраған жоқ.
Қазіргі қазақ әдебиеті биікке көтерілді. Әлемдік деңгейде оқылатын қаламгерлер баршылық. Әсіресе алпысыншы жылғылар... Бірақ әлем ол туралы әлі білмейді. Себебі, шет тілге аударылып, өзімізді әлемге таныстырудың сәті түспей тұр. Өзін шетелге танытып жатқан жекелеген жазушылар бар...
- Аударманың ау-жайын біліп, белгілі бір механизмін іске қоса алмай жатқан шығармыз аға...
- Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев Мәдениет және ақпарат министрі қызметінде жүрген кез. Кезігіп, сөйлесіп қалдық. Сонда аударма мәселесі турасында айтқанмын. Алтынбек: - «Аударма» деген баспа ашсақ қайтеді? - деді. Осы бастаманы қолдай кеттім. Шет тілін жақсы білетін аудармашылардың басын қостық, баспа да ашылды. Кейін сол баспаға бассұқсам, отызыншы-қырқыншы жылдары тәржімаланған шығармалар қайта бастырылып жатыр екен. Министрдік орынбасары Әлібек Асқаровқа: «Бұларың қалай?» - дедім таңғалып. Әлібек: «Сер-аға! Бір кітапқа шет тіліне аударып, көбейтіп, таратып, сатылымға шығару үшін пәленбай миллион қаржы керек екен. Бұл нәрсе қолдан келмейді. Мүмкін емес!» - деді. Содан бұл жұмыс тоқтап қалды. Аударманы дамытуда, қазақ әдебиетін шетелге таныту тұрғысында мемлекеттің қамқорлығы керек. Егер ірі шығармалар аударылып, сол жақтағы кітаптар өтіп жатса, жұмсалған ақшаны өтеуге болады. Сол арқылы өзімізді әдеби ел ретінде таныстырар едік.
- Ал Тәуелсіз, Егеменді елдің әдебиеті турасында не айтар едіңіз?
- «Қазір әдебиет бар ма, жоқ па?» деген сұрақты жиі естіп жүрмін. Әдебиет бар. Сөз өнері жер бетінен жойылып кетуі мүмкін емес. Әр дәуірдің әдебиетке қоятын талап-тілегі болады. Қазір көп көтеріліп жүрген мәселелердің бірі - қаламақы мәселесі. Біз кейде күрделі сұрақтарға өте қарапайым жауаптар табуға болатынын ескермейміз. Қаламақы туралы аз-кем түсінік бере кетсем... Қаламақыны қай қоғамда болсын, мемлекет емес баспалар төлеген. А.Пушкин, Ф.Достоевский, Л.Толстойлар баспамен байланыс жасап, шыққан кітабы мен көптомдығының сатылғанына байланысты гонорар алып отырған. Сол арқылы кітап саудасы мен кітап жүйесін қалыптастырып, халықты кітапқа тарту мәселесіне үлкен септігін тигізген. Ол кездері баспа деген көп емес еді. Біз Тәуелсіздік алғалы бері кітап саудасын қалыптастыра алмай жатырмыз. Баспа да, жазушы да көп. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың жоспарында ешкім танымайтын қаламгерлер жүреді. Мүмкін әлі таныла қоймаған шығар деп оқып шығамыз. Сапасы төмен болып шығады...
- «Азия-Африка конференциясы» жөнінде көптеген жинақтардан оқыған едік. Осы бір Халықаралық жиын туралы айтып берсеңіз...
- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем социалистік һәм капиталистік болып екіге жарылды. Бір елдің өзі екі фронтқа бөлініп жатқан алмағайып заман. Сол кездері отарланған, ездік көрген Азия мен Африка елдеріне қол ұшын беріп, социализмге тарту саясаты бастау алды. Халықаралық Коммунистік Партияның өкілдері барлық елде болды. Олар да осы бастаманы қолдады. Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменовтер басшылық еткен тұста қазақ жазушылары делегат болып осы конференцияға қатысып, атсалысып тұрды. Бұл конференция Еуропаның Румыния, Болгария, ГФР, Азияның Вьетнам, Палестина, Сирия, Африканың Алжир, Мысыр, Нигерия, Камерун, Синегал секілді елдерге оң әсерін тигізді деуге болады. Халықты өзгеріске бастайтын жаңа шығармалар жазылып, олар кітап болып таратылды. Ұлы идеялар өлмейді! Әдебиет ұлттың, халықтың санасына қозғау салып, жандүниесінде төңкеріс жасап, жарқын болашаққа бастайтын күш. Сондықтан әдебиет өлмейді, әдебиет өлмесе ұлт та өлмейді.
Демократиялық - ашық қоғам құруға тырыстық. Тәуелсіздік алдық, социализм құлады. Бірақ оның рухы, елесі әлі арамызда. Маркстың «Капиталы» бойынша капиталистік жүйені күйретіп едік, енді сол кітап арқылы бұрынғы жүйені қайтадан құра алмай жатырмыз.
- 1986 жылы жазушылар арасындағы ахуалды суреттеп беріңізші...
- 1986 жыл қазақтың есінде мәңгі қалған дата болды. Шын жазушы ұлттың басына түскен қайғы-қасіретке бей-жай қарап тұра алмайды. Орыс билігі, орыс басшылығы қоластындағы ұлттарға қиянат жасап, жанына бататын саяси әрекеттерге барды. Ленинның: «Елдің өз ұлтының азаматы билеу керек», - деген сөз ескерусіз қалды. Онсыз да булығып отырған ұлттар атом бомбасы секілді жарылды, айналасын қопарды. Естен кетпейтін нәрсе - 1986 жылы халық Жазушылар одағының алдына жиналды. Бұл - ұлт пен жазушы бір организм екендігінің көрінісі. 1925 жылдан бастап қазақ топырағында небір саяси науқандар, саяси диверсия басталды. Қаншама ұлт өкілдерін алып келіп төкті. Бұл қазақ жерін отарлаудың жаңа формасы, «Тыныш саясаттың» бір түрі еді. Бірақ қазақ оған да жасыған жоқ. Тату-тәтті тұра берді. Ірілі-ұсақты көтеріліс, дүмпулерді басып отырды.
1941-45 жылғы соғыс кезінде майданда ерлігімен көзге түскен Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Талғат Бигелдинов, Алия Молдағұлова, Мәншүк Мәметоваларға атақ-даңқ кешігіп жетті. Орыс билігі Алашордашыларды «нацист», «шовинист» деп айыптауы қазақтарға деген көзқарасты аңғартса керек... Осындай бір тарихи жағдайлар қазақ әдебиетінде, деректі прозада көрініс тапты. Ұлттық рухқа негізделген шығармаларды оқыған қазақтар жастарымыз алаңға шығып, тоталитарлық билікке қасқайып қарсы тұрды...
Ұлттық идеяны жолға қойып, тетігін табу үшін біршама уақыт керек екен. Біз айтып жүрген идея - Алаш идеясы екен. Қазақтың болашағы - осы идеялардың күштілігінде.
- Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен интеграциясы деген бүгіндері өзекті мәселеленің біріне айналған сияқты.
Қазіргі кезде бізде шетелмен байланыс бар деп айта алмаймын. Кезінде қазақ жазушылары делегат болып шетелге барған, сол елдің әдеби-мәдени ахуалымен танысқан. Кітаптарын аудартуға мүмкіндік алған, таратқан. Байланыс деген - сол. Әди Шәріпов төрағалық еткен тұста аударма мәселесіне арналған пленум өткізіп, қаламгерлерге аудармашы тауып беріп, бірталай туындылар аударылған болатын. Ал қазір барыс-келіс, шығармашылық байланыс орнатудың реті болмай тұрған секілді. Оған көп қаржы керек. Ал жеке дара шығып жүрген туындыгерлер бар. Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақтарды шетел тіліне аудартсақ, еш ұтылмаймыз. Бірақ оны қолдап отырған ешкім жоқ. Бағана айтқан «Аударма» баспасының басты қызметі - қазақ қаламгерлерін әлем тілдеріне аударумен айналысуы керек еді. Бірақ өкінішке қарай, бастамамыз аяқсыз қалды. Дулат Исабековтың пьесалары Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Англия сияқты елдерде сахналанып жатыр. Бұл да қазақ ұлты, қазақ әдебиеті үшін үлкен абырой дер едім...
- Қазіргі көтерілетін тақырыптар турасында не ойлайсыз?
- Горькийдың: «Негізгі кейіпкер - еңбек адамы», - деген сөзінің жаны бар ма деп қаламын. Жақында шахтада жұмыс істеп жатқан жұмыскерлер жарақат алып, біразы көз жұмды. Еңбек тақырыбы да көпқырлы ғой. Бүгіндері тегін еңбек күшін пайдаланатын алаяқтар көп. Бұл да қоғамның дерті ғой. Тақырып па? Тақырып. Отаншылдық сезімінен айырылған жастар шетел асуда, балаларымызды оңды-солды сатып жатырмыз, өзіне-өзі қол жұмсау жиіледі, үйсіз-күйсіз жүрген қазақтар көбейді. Осының бәрі жаза білген адамға тақырып.
Әңгімелескен Әлібек БАЙБОЛ