Жазушылар одағында ұлт спортын дамытқандар ұлықталды
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы игі шара өткізді. «Тау көтерген толағайлар» атты, еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күніне орайластырылған бұл басқосудың мәні де, сәні де бөлек болды.
Белгілі ақын-жазушылар, өнер адамдары мен ұлтымыздың абыройын асқақтатқан даңқты спортшыларымызды бір шаңырақ астына жинаған мерекелік кеш көптің көңілінен шықты, деп хабарлайды «Аламан» спорт агенттігі.
Күні кеше аяқталған Лондон Олимпиадасында еліміздің спортшылары толағай табысқа қол жеткізіп, қазақтың әнұранын жеті рет шырқатып, Көк Туымызды 13 мәрте желбіретті. Мұндай айтулы жеңіске біздің өрендеріміз бұған дейін бірде-бір рет қол жеткізіп көрген емес. Сөз жоқ, Лондон төріндегі табысымыз спорт саласында тер төккен аға буын өкілдерінің де еңбегінің жемісі деуге болады. Өйткені Әбілсейіт Айханов, Серік Қонақбаев, Айсара Керімбекова, Жақсылық Үшкемпіров, Әмин Тұяқов, т.б. қазақ спортының ардагерлері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті. Желкілдеп өскен жас өрен осы аға-апайларына қарап бой түзеді, бойларына қайрат жинап, ұлттық рухтың асқақтығын сезінді.
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен кештің мақсаты да осы ұрпақтар арасындағы жалғастықты сақтай отырып, спортшылар мен өнер адамдары арасында үзіліп бара жатқан байланысты орнықтыру еді. Есімдері елге танылған арқалы ақындар сахнаға шығып, қазақы рухты асқақтатар арынды жырларын оқып, қазақы үнді әншілер жиналған жұртқа әндерін тарту етті. Кешке еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен қатар, осы саланың ардагерлері құрметті қонақ ретінде шақырылды. Атап айтсақ, әйгілі түйе балуан Әбілсейіт Айханов, самбошы Айсара Керімбекова, талай жарыста олжа салған желаяқ ағамыз Әмин Тұяқов, кикбокс өнерін жетік меңгеріп, қазақтың ержүрек ұлы атанған Елмұрат Қайыпжанов, ережесіз жекпе-жектің тарланбозы Ардақ Назаров, бокс шебері Қанат Сиқымбаев және басқа да спортшыларымыз осы кешке арнайы шақыртылды.