Жазушының жаңа кітабы таныстырылды
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат. Астанадағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның «Жалқаулыққа кім үйір?» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуді жүргізіп отырған белгілі ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағы Астана бөлімшесінің директоры Әкім Таразиге берді. Өз кезегінде Ә. Тарази балалар жазушысының бұл жаңа кітабы бүгінгі уақыт тынысына сәйкес келетін, балалар ұғымына сай, мазмұнға бай соны дүние екендігіне тоқталды. Кездесуде қаламгер-ғалым Серік Негимов, сыншы-жазушы Құныпия Алпысбаев, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин, биолог ғалым А. Ысқақов, журналист Жанат Елшібек, сатирик жазушы Табыл Құлияс кітап туралы және жазушы Толымбек Әбдірайымның жемісті жалғасып келе жатқан шығармашылығы туралы жылы пікірлер айтты.