Жібек Құламбаева Сербиядағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Врнячка-Баня (Сербия) ITF W35 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Ж.Құламбаева – словениялық Жива Фалкнер доданы бірден ширек финалдан бастады.
Қазақстандық-словениялық жұп испаниялық Ана Гиралди Регуена – ирандық Мешкатолзахра Сафиды 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ойын сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Ж.Құламбаева – Ж.Фалкнердің жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Жібек осы додада жекелей сында сәтті өнер көрсете алған жоқ. Ол алғашқы айналымда-ақ дүниежүзілік рейтингіде 412-орында тұрған франциялық Сара Цакаревичке жол берді – 4:6, 4:6.
Бір апта бұрын Куршумлия-Баняда Құламбаева дәл осы теннисшіні 6:1, 6:3 есебімен ұтып, ширек финалға шыққан еді.
Сол турнирдегі табысы нәтижесінде Ж.Құламбаева WTA рейтингісінде 427-ден 371-орынға көтерілген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open турнирінде Тимофей Скатовтың іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.