Жібек жолының рухы Қытай мен Орталық Азия арасындағы нақты нәтижелерге айналды — елші
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақытта Қытай сенім мен достықты негіз етіп, даму жолын бірлесіп айқындап, өзара түсіністік пен қолдауды берік ұстанып келеді.

Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хан Чуньлин «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты Қытай мен Орталық Азияның гуманитарлық алмасу форумында айтты.
— Екі мың жылдан астам уақыт бұрын Хань әулетінің өкілі Чжан Цянь Батыс өңірге сапар шегіп, Қытай мен Орталық Азия арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалап, Ұлы Жібек жолының негізін қалады. Сол көне керуен жолы Қытай мен Орталық Азия өркениеттерін тығыз байланыстырды. Бұл бейбіт ынтымақтастық, ашықтық пен өзара құрмет, тәжірибе алмасу мен ортақ табысқа негізделген Жібек жолы рухының бастауы болды. Қазір де Қытай мен Орталық Азия елдерінің қауымдастығын бірге құру жолында қуатты рухани тірек болды, — деді Хан Чуньлин.
Оның айтуынша, Қытай бұл идеяны ұсынушы ғана емес, оны белсенді жүзеге асырып келе жатқан ел.
— Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақытта Қытай осы елдермен сенім мен достықты негіз етіп, даму жолын бірлесіп айқындап, қауіпсіздік саласында өзара жауапкершілік алып, өзара түсіністік пен қолдауды берік ұстанып келеді. Біз саяси сенімді нығайтып, стратегиялық байланысты күшейтіп келеміз. Өзара мүдделерге қатысты мәселелерде әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Орталық Азия елдерінің ұлттық даму стратегияларымен ұштастыра отырып, материалдық ынтымақтастықты тереңдетіп, қауіпсіздік пен даму кепілдігіне негізделген ауқымды әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қойып келеміз, — деді елші.
Сонымен бірге, көне Жібек жолының рухы Қытай мен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылда үнемі жаңғырып, бүгінде нақты нәтижеге айналуда.
— Жақында өтетін екінші Қытай–Орталық Азия саммитінде 6 елдің көшбасшысы ынтымақтастық пен ортақ табысты көздейтін жаңа кезеңді бірге бастайды. Бүгінгі шара Қытай мен Орталық Азия халықтарының өркениеттерін өзара құрметтеу, бейбіт қатар өмір сүру және бір-бірінен үйреніп, бірлесіп дамыту тақырыбына негізделген, — деді Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі.
Айта кетейік, бүгін елордада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» форумы өтті. Форум аясында «Си Цзиньпиннің сүйікті нақыл сөздері» жобасының халықаралық нұсқасының тұсаукесері өтті. «Киім рәміз ретінде: Қытайдан — әлемге» және Қытайдың CGTN телеарнасының журналистері Қазақстанның Jibek Joly/Silk Way арнасының қолдауымен жүзеге асырған «Орталық Азия бойынша үлкен сапар» жобалары қорытындыланды. Бұл жоба аясында Қазақстандағы өмір туралы репортаждар сериясы түсірілді.
Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдерінің жетекші БАҚ платформаларында жүретін «Мен Қытайда оқыдым» бағдарламасының басталғаны жарияланды.