Қытай – Орталық Азия: мәдени көпір және медиа бастамалар
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» Орталық Азия - Қытай гуманитарлық алмасу форумы өтті. Форумға мемлекеттік органдардың басшылары, БАҚ, ғылыми және сарапшылық қауым өкілдері қатысты.

Форум барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, мұнда тек Қытай мен Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы ғана емес, сонымен қатар миллиондаған адамның тағдыры тоғысқан ұланғайыр аймақтың болашағы талқыланатынын жеткізді.

– Біз әрдайым өзара тиімді әріптестік мәселелерінде ортақ түсіністік таба аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастық – Қазақстанның орта мерзімді тұрақты дамуының басты факторы, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Е. Қариннің айтуынша, аймақтың басты ерекшелігі – ашықтық, тұрақты экономикалық өсім және гуманитарлық, медиа салаларындағы тығыз байланыс. Ақпараттық процестердің рөлі артып, цифрлық технологиялар енгізіліп жатқан қазіргі заманда контент өндіру, технологиялармен алмасу және мәдени байланысты нығайту бағытындағы бірлескен жұмыс өзекті бола түсті.

Форумда сөз сөйлеген Қытай Медиа корпорациясының (CMG) басшысы, ҚХР Коммунистік партиясы ОК үгіт-насихат бөлімінің жетекшісінің орынбасары Шэнь Хайсюн алдағы уақытта көптеген бірлескен жоба мен тығыз ынтымақтастық күтіп тұрғанын айтты.
– Төраға Си Цзиньпин Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Ол Қытай әрдайым сенімді көрші, серіктес және дос екенін айтады, – деді Шэнь Хайсюн.
Оның айтуынша, Қытай Медиа корпорациясы Орталық Азия халықтарымен достықты нығайтуға бар күшін салуды жалғастырады.
– Біз Орталық Азияның жетекші БАҚ-тарындағы серіктестермен жоғары сапалы бағдарламалар жасап, «Орталық Азиямен тікелей байланыс» атты ақпараттық жобаларды ұйымдастырып отырмыз. Бұл ақпарат пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Көпсалалы, көпформатты және көпарналы ынтымақтастық одан әрі нығая береді, – деді ол.
Диалог алаңында сөз алған Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Бір белдеу – бір жол» бастамасында мәдениеттің орны ерекше екенін атап өтті.

– Бұл жоба – жай ғана ауқымды инфрақұрылымдық бастама емес, сонымен қатар халықтарымыздың жүректерін жалғайтын көпір. Гуманитарлық байланыстар, мәдени бірлескен бастамалар мен медиа ынтымақтастық сенім мен ашық диалог кеңістігін қалыптастырады. Себебі медиа мәдениетті насихаттауда және халықтарымызды жақындататын гуманитарлық жобаларды жария етуде аса маңызды рөл атқарады, – деді Аида Балаева.
Форум аясында «Си Цзиньпиннің сүйікті нақыл сөздері» жобасының халықаралық нұсқасының тұсаукесері өтті.


«Киім рәміз ретінде: Қытайдан – әлемге» және Қытайдың CGTN телеарнасының журналистері Қазақстанның Jibek Joly/Silk Way арнасының қолдауымен жүзеге асырған «Орталық Азия бойынша үлкен сапар» жобалары қорытындыланды. Бұл жоба аясында Қазақстандағы өмір туралы репортаждар сериясы түсірілді.
Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдерінің жетекші БАҚ платформаларында жүретін «Мен Қытайда оқыдым» бағдарламасының басталғаны жарияланды.
Кездесу барысында ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды, соның ішінде форум аясында ұсынылған «Қытай және Орталық Азия елдерінің БАҚ ынтымақтастығы бастамасы» да назарға алынды.
Еске салсақ, ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.