Жедел ақпарат алу үшін БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізу керек - Мұхтар Құл-Мұхаммед

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БАҚ туралы қолданыстағы заң қазіргі заманның талабына ілесе алмай жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысынан кейін депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ақпаратқа қолжетімділік мәселесін дұрыс көтеріп отырсыздар. Осы орайда тілшілер қойып отырған сұраққа жауапты Президенттің Жолдауынан табуға болады. Ол қазіргі Қазақстанда жарияланған төрт үлкен пакет - саяси реформалардың ішінде болашақта «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға да өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Тілшілердің мәселені дұрыс көтеріп отырғанының тағы бір ерекшелігі – қолданыстағы заң қазіргі заманның талабына ілесе алмай жатыр», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Осы орайда сенатор ақпараттың жедел таралуы өте маңызды екенін айтты.

«Қазір таңертең болды деген оқиға түсте ескіріп қалады. Сондықтан журналистердің жедел түрде ақпарат алуын жетілдіру үшін «БАҚ туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, лауазымды тұлғалардың олардың сұрақтарына жауап беруін тездету мәселесінің көзделуі заң нормаларымен реттелуі керек. Біз соған келе жатырмыз және ол алдағы уақытта БАҚ туралы заңға түсетін өзгерістерде қарастырылады деп санаймын», - деді депутат.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін алға тартты.

«Одан арғы демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар