19:22, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Жедел іздестіру қызметіне қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жедел іздестіру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутат Николай Турецкийдің сөзіне қарағанда, заң жобасы ағымдағы жылдың қаңтар айының 28-інде Мәжілісте бірінші оқылымда қаралған.
Онда заң жобасына қатысты депутаттардың барлық ұсыныс-пікірлері айтылып, олардың барлығы да жұмыс тобының отырысында талқыланған. Осыған орай депутат құжатты екінші оқылымда мақұлдау қажет деген ұсынысын білдірді, депутаттар оны қабыл алды.Ал депутат Рамазан Сәрпеков құжаттың 11-ші бабының 2-ші тармағының 16-шы тармақшасына «Терроризмге қарсы операцияны жүзеге асыру барысындағы жеке тексеру мен жеке тұлғаның жанында болатын заттарды тексеру және көлік құралдарын тексеру куәгерлердің қатысуымен жүргізілуі қажет» деп жазылуы керектігін ескертті. «Сонымен қатар 14-ші баптың 1-ші тармағының екінші сөйлеміндегі «пайдалану тәртібі» деген сөз «ведомстволық» сөзімен толықтырылуы керек», деді халық қалаулысы.