Жедел көмек көрсету қызметтері дауыл соғатындығын ескертуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы күндері Астанада ауа температурасы төмендеп, боран соғады. Бұл жайында Smart Astana қосымшасында жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Осыған байланысты «112 қызметі» тұрғындардан алыс сапарларға шықпауға және жолда абай болуға шақырады. Коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі жасамас үшін көліктерді жолдардың бойында қалдырмауды сұрайды. Қала көшелері мен тротуарларды тазалау жұмыстары үзіліссіз жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Синоптиктердің деректеріне қарағанда, 13 желтоқсанда елордада көшпелі бұлт шығады, түстен кейін қар жауады, көктайғақ болып, ұйытқи боран соғады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан секундына  15-20 метрлік жылдамдықпен соққан желдің екпіні 23-28 м/с дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде -13...-15°С, күндіз -3...-5°С.

Ал 14 желтоқсан күні көшпелі бұлт шығып, оқтын-оқтын қар жауады, көктайғақ, боран соғады. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғатын желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде -3...-5°С, күндіз 0...-2°С. 15 желтоқсанда елордада көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, бұрқасындатады. Солтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде және күндіз -8...-10°С болады.

Соңғы жаңалықтар