Жедел сауықтыру шарасы барысында 2 мыңнан астам кәмелетке толмағандар есепке қойылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның қатысуымен «Мектептегі құқықтық тәртіп» жедел сауықтыру іс-шарасын өткізді. Оның мақсаты - жасөспірімдердің қылмысын ескерту және алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы фактілерін анықтау.
Аталған шараны өткізу кезінде 16 мыңнан астам полиция қызметкерлері, 7 мыңға жуық мүдделі ведомстволардың, ата-аналар комитеттерінің өкілдері жұмылдырылды.
Операцияны жүргізу кезінде ішкі істер органдарына 10 мыңға жуық кәмелетке толмағандар жеткізіліп, олармен алдын алу шаралары жүргізілді. Сондай-ақ 2 мыңнан астам кәмелетке толмағандар және 2 мыңға тарта тұрмысы нашар отбасылар есепке қойылған. 3 мыңға жуық ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кәмелекетке толмағандарды қылмыс жасауға тартқаны үшін 27 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы білім беру орындарында 13 бопсалау фактісі анықталды.