«Жедел жәрдем ақылы болады» деген де әңгіме болған...» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Орталық сайлау комиссиясында сайлауды халықаралық байқау жөніндегі семинар-тренинг өтті. Оның жұмысына ЕҚЫҰ-ның астанадағы орталығының, Еуропалық Одақ делегациясының, еліміздің орталық мемлекеттік органдарының, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Халықаралық байқау мәселелеріне арналды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, семинар-тренингте ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауларды байқау жөніндегі миссиясының құрамына кіретін байқаушылардың кәсіби деңгейін жоғарылатуға, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердегі сайлауларды байқауға Қазақстан өкілдерінің қатысуын белсендіре түсуге ерекше назар аударылды.

«Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше отырыс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың комиссияның өткен отырыстарындағы хаттамалық тапсырмаларды орындау барысы жөніндегі есептері тыңдалды. Қорытынды отырысының нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға 2012 жылғы наурызда Сеул қаласында өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстанның лайықты қатысуы үшін дайындық шараларына және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режімін одан әрі нығайтуға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.

***

«Қазақстан боксы және отандық былғары қолғап шеберлеріне қатысты бірнеше жайлы және жайсыз жаңалықтарды өткен аптада құлағымыз шалды. Соның барлығына жеке-жеке тоқтала отырып, әрбір оқиғаның мәні мен маңызы жайында әңгімелеуді құп көрдік. Ең әуелі көңілсіздеу жайттан бастаған жөн шығар», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылым көтеріп отырған еліміздің күрзі жұдырық жігіттері жайындағы жаңалықтарды егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Біржанның бағын байламайық» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Айқын» газетінің жазуынша, осыдан жарты жыл бұрын маңғыстау мұнайшылары өздерінің кәсіподағы әрекеті мен жұмыс берушілеріне қарсы заңсыз наразылық акциясына шыққан болатын. Міне осы наразылық әлі басылар емес. Заңсыз наразылық акциясына қатысушылармен кездесіп, жұмысқа шығуларын сұрап, жағдайды түсіндірмекші болған биліктің әрекетінен ешқандай нәтиже болмай тұр. «Осылайша жаңаөзендіктер «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып, екіге жарылған. Мұндайда «Өзің білмей, білгеннің тілін алма» деген қазақтың нақыл сөзі тілге оралады», деп жазады басылым бүгінгі санындағы «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген тақырыптағы мақаласында.

***

«Кеше Үкімет үйінде өткен селекторлық отырыста Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов біраз мәселенің басын шалып, түйінін шешіп тастады. Соның бірі, «келешекте медициналық жедел жәрдем ақылы болады» деген алып-қашпа әңгіменің анық-қанығына жетіп, бір жақты қылды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Жедел жәрдем ақылы болады» деген де әңгіме болған...» деген тақырыптағы мақаласында.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасовпен арадағы сұхбат «Діни күрделі жағдайдан шығудың бір жолы - мемлекет өзінің зайырлы бет-бейнесін толық сақтап, тәртіпті күшейтуі керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Бізде бәрі жақсы дегенмен Қазақстан жақсы болып кетпейді. Сондықтан кемшіліктер ашық айтылып, қоғам талқысына түсіп тұруы тиіс. Кемшілікті айтудың жөні осы екен деп қоғамды бөлшектеу де дұрыс емес. Ғасырлар бойы армандап қол жеткізген Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Сондықтан Тәуелсіздігімізді сақтау жолында барымызды салуымыз керек!», - дейді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуроодақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы - Елші Норберт Жустенді оның дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады. Тараптар ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясының және биыл аяқталатын «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы барысын қарастырды. Бұл ағымдағы жылдың 24 қарашасында Астанада сәтті өткен «Қазақстан - Еуропа Одағы: ынтымақтастықтың жетістіктері мен жаңа мүмкіндіктері» атты халықаралық конференцияның нәтижесі болып табылады. «Кездесу соңында Н.Жустен Қазақстанды 20 жылдық Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, еліміздің егемендік алған жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады», - деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар